– Алаяқтық жолмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау əрекеті кем дегенде екі адамның, яғни өтірікші (алаяқ), алданған (жəбірленуші) арасында альтернативті екі түрлі əдіспен жасалуы мүмкін, - дейді судья Мирамбек Нағашыбаев "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Біріншіден, қылмыскер алдау-арбау амалын қолданып бөтеннің мүлкін иемденсе, екінші жағдайда басқаның сеніміне кіріп, оған тиесілі мүлікке құқықты иемдену арқылы қастық жасайды.
Соңғы кезде адамдарды алдап, олардың сеніміне қиянат жасап, алаяқтық, яғни, меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылық істердің сотта көбеюі алаңдатады. Ал, оның ішінде əйелдердің алаяқтыққа шырмалғанын жиі байқаймыз.
Алаяқтық қылмысының кең тараған түрі «мұнай саласы бойынша компанияларға жұмысқа орналастырамын», «мемлекеттік бағдарлама немесе жеңілдіктер арқылы жаңа пəтер алып беремін» деп, қарапайым тұрғындардың сеніміне кіріп, оңай жолмен ақша табу болып отыр. Тіпті, суайттар цифрлы технологиялар арқылы алдауға көшіп, жұртшылықты əбігерге салып қойды.
Осы орайда есіме мына оқиға түсіп тұр. 2002- 2003 жылдары Орал қалалық сотында судья болып жұмыс жасап жүргенімде, таныс емес адам «сөйлесіп алайын» деп жəбірленушіден телефонын сұрап алып, артынша оның көзін ала бере ізін суытып кеткен жағдайларға байланысты қылмыстық істер сотта жиі қаралды. Ол кезде ұялы телефонға көп адамның қолы жете бермейтін.
Қазіргі кезде де жəбірленушілермен тікелей қатынасқа түспей, ұялы телефондарының есепшоттарына халыққа қызмет көрсету терминалдары арқылы ақша қаражаттарын аударту белең алуда. Мысалы, еш жерде жұмыс жасамайтын Н. есімді əйел (бұрын бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін сотты болған) ақпараттық жүйені пайдаланып, «ОЛХ» сайтына «Теңізшевройл» компаниясының күзет агенттігіне жұмысқа орналастырамын» деп жалған жарнама шығарады. Ол өзіне хабарласқан жұмыс іздеушілермен жалған есім айтып танысып, жəбірленушілердің сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырғаны үшін алғашқы жарна ретінде 50 мың теңге сұраған. Бұл қаржыны өз атына тіркелген «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның кəртішкісіне аудартып, жеті жəбірленушіге əртүрлі мөлшердегі сомада мүліктік зиян келтірген.
Таңғаларлығы – жəбірленушілер жұмыс ұсынушының түрін көрмесе де, оның нақты қай жерде қандай қызмет атқаратынын білмесе де оған сенім артқаны. Олар «жұмысқа орналастырады» деген үмітпен белгісіз адамның шотына ақша аударып, кейіннен Атырауға «жұмысқа тұрамыз» деп келгенде алданғанын бір-ақ білген.
«Ел арасында тегін ірімшік тышқан тұзағында болады» деген ұғым бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен пəтер алудың жолдары заңмен бекітілген. Бұл туралы күнделікті жаңалықтарда жиі айтылады. Дегенмен, тұрғындар сол жеңілдіктер ұсынылатын категорияда болу керектігін білсе де, «арзан бағамен пəтер алып қалармын» деген жалған сенімнің құрбаны болады. Олар тірнектеп жиған қаражатын алаяққа беріп, уəде етілген пəтерін ала алмай, немесе ақшасын қайтара алмай, шарасыздың күйін кешетіні ақиқат. Осы сөзімнің дəлелі ретінде бір мысал келтірейін.
Бұрын алаяқтық қылмысы үшін бірнеше рет сотталған А. есімді азаматша өзінің меншігінде пəтері болмаса да жəне жеңілдікпен пəтер алып беретін мүмкіндігі болмаса да 12 жəбірленушінің «обалына» қалған. Ол жəбірленушілерге 57 265 000 теңгеге мүліктік залал келтірген. Ал, сан соғып алданғандар кім десеңіз, олар – А.-ның жақын таныстары, өзінің жеке меншік пəтерін кепілге қойып, үлкен сомада несие алуға көмектескен құдайы көршісі, бір атадан тараған жақын сіңлісі.
Кейбір жəбірленушілерге өзінің жалға алған пəтерлерін «құжаттарын кейін рəсімдеп беремін» деп алдап сатып жіберсе, енді біріне жаңадан салынып жатқан басқа біреуге тиесілі пəтерлерді көрсетіп, алдап ақшасын алған. Ал, жəбірленушілер бұл пəтерлеріне жөндеу жұмысын жүргізіп, туыстарын шақырып, қоныс той жасап үлгеріп, қыруар шығынға ұшырайды.
Сөзімді түйіндей келе, тұрғындар қандай да бір нəрсенің байыбына көз жеткізбей, асығыс шешім қабылдаудан сақ болса екен деймін. Жоғарыда айтқан мысалдардан алаяқтардың сөйлесу барысында өздерінің алдап-арбау, адамды сендіру қабілетін ұтымды пайдаланатынын аңғару қиын емес. Сондықтан «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақалды үнемі есте ұстағанымыз абзал.