RSS лента

«Көзі жұмылмай жатып мұрасын түгендегенім ұят болар...»

Автор фото: ашық дереккөз

Атырау облысы нотариаттық палатасының төрайымы Гүлнар Масатова нотариаттық қызметтің Қазақстанда қалай көрсетіліп жүргенін ашық айтып берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

 

Қазір қоғамдағы нотариустың ролі қандай?

 

Қазір Атырау облысында 121 нотариус халыққа қызмет көрсетіп отыр, оның 96-сы облыс орталығында. Меніңше, облыс нотариустары тұрғындарды нотариаттық қызмет көрсетумен түгелдей қамтамасыз етіп отыр. Қазір, байқасаңыз, бұрынғыдай емес, нотариаттық кеңселерде ешқандай кезек жоқ, қызмет көрсету сапасы да артты. Барлық нотариустар заман талабына сай жабдықталған бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің (бұдан əрі – БНАЖ) ішінде нотариус қызметіне қатысты толық ақпаратты алуға мүмкіндік бар. Мысалы, халық арасында көп кездесетін нотариаттық іс-əрекет түрлерінің бірі – жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу (сыйға тарту, айырбастау) келісім-шарттарын куəландыруда шарттардың нысаны жазбаша түрде жасақталады. Кейбір жағдайда азаматтар шарт жасақтау мақсатында нотариусқа жүгінбей, өзара жазбаша шарттармен шектеледі. Ал, кейін қолайсыз құқықтық зардаптар туындаса, осы арқылы тараптар жауапкершілікті өзіне жүктеп алады. Көптеген елдерде жылжымайтын мүлікті иеліктен алу мəмілелерінің нысаны міндетті түрде нотариалды куəландырылады. Ал, бұл процесс барысында нотариус – білікті немесе кəсіби тəуелсіз заңгер ретінде нотариалды куəландырған шарттарды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының нормаларын басшылыққа алып, ереже-қағидалардың талаптарын міндетті түрде сақтауы тиіс. Демек, шартты куəландыру барысында нотариустың басты міндеті – ұсынылған құжаттарды жан-жақты зерделеп, тексеру арқылы құжатты заңнамаға сай сауатты жасақтау. Мұндайда нотариусқа БНАЖ-нің көмегі өте көп. Аталған жүйе арқылы ол нотариаттық іс-əрекет жасауға жүгініп отырған азаматтар мен олардың Қазақстан Республикасының уəкілетті органдары берген заңды өкілдерінің құжаттарын салыстырып тексереді. Егер деректерде шарт жасақтауға ешқандай күмəн болмаса, сол бойда БНАЖ арқылы мəміленің көшірмесін тіркеу органдарына жіберіп, құқық меншігін тіркейді. Оның тіркелу мерзімі бір күннен кешіктірілмейді, тіпті, азаматтардың қалауы бойынша екі сағаттық жедел тіркеуге де жіберуге болады. Сондықтан, құқықтарын тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінудің еш қажеті жоқ. Тіркеу хабарламасын келесі күні немесе екі сағаттан кейін нотариус азаматтарға табыстайды. Бұл жерде ерекше тоқталар жайт – нотариус тек мүлік құжаттарын зерделеп қана қоймай, шарттың заңды жасақталуына аса көңіл бөлуі тиіс. Біріншіден, шарт жасақтауға жүгінген тараптармен жеке сұхбаттасып, олардың өз еріктерін нақтылап, алаяқтық əрекеттердің бар-жоғын пысықтауы шарт. Екіншіден, жылжымайтын мүліктің иесінен басқа ортақ иеліктегі иегерлер болған жағдайда, шарт жасақтау барысында олардың келісімдерінің міндетті түрде қажеттігін түсіндіру. Егер меншік иесі не ортақ иелікте кəмелетке толмаған тұлға болып, оған қорғаншылық тағайындалса, қорғаншы қамқоршылық органынан алдын ала келісім-шарт жасақтауға келісім қажет. Тағы бір ескертілетін жағдай – жылжымайтын мүлік сатып алғанда, ерлі-зайыптылардың бірі шетел азаматы болып, олардың Қазақстанда тұру ықтиярхаты болмай, сондай-ақ, олардың арасында неке шартымен өзіндік меншік тəртібі орнатылмаса, сату-сатып алу шарты нотариалды түрде куəландырылмайды. Үшіншіден, мəмілелерді куəландыру нотариусқа зор жауапкершілік жүктейді. Мұндай құжаттар заңды, сапалы, тез жəне қауіпсіз жасақталуы тиіс. Ең маңыздысы – мəміленің, яғни келісім-шарттың нотариалды нысанда жасақталуы тараптардың азаматтық құқықтарын қорғап, құқықтық сауаты төмен болған жағдайда өздеріне зиян келтірмейді. Нотариустың білікті маман екені оның жасаған мəмілелерінің құқықтық тұрғыда сауаттылығына қатысты бағаланады. Егер жасалған келісім-шартқа байланысты тараптар дауласып, кейін сот шешімімен жасалған құжат бұзылып жатса, ол маманның біліктілігін көрсетеді. Нотариустың басты міндеті – қызметін бастар алдында толық мүліктік жауапкершілік ретінде өзінің нотариаттық қызметін сақтандыру мақсатында азаматтық-құқықтық сақтандыру шартын жасақтауы қажет. Сондықтан, халықтың жылжымайтын мүлікті иеліктен алу келісім-шарттарын жасақтауда зор сеніммен нотариаттық куəландыруға жүгінгені дұрыс.

 

Нотариалдық әрекеттер үшін алынатын соманың барлық жерге бірдей белгіленуі де жұмысқа ықпал етпей ме?

 

Нотариалдық қызмет көрсету үшін төленетін мемлекеттік баж жəне қосымша құқықтық-техникалық сипаттағы қызмет көрсету сомасының көлемі еліміздегі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне сəйкес тағайындалған. Қазір бір АЕК – 3450 теңге. Нотариаттық іс-əрекеттер жасақтау бойынша тағайындалған мөлшерлеме барлық жерде бірдей. Бұл жерде ескеретін жайт – қалалық жəне ауылдық жерлерде кейбір мəмілелерді куəландыру құнындағы айырмашылықтар. Себебі, жылжымайтын мүліктердің құны қалада басқа, ауылдық жерде өзгеше. Соған қарамастан, əлеуметтік аз қамтылған топтарға қолданылатын жеңілдіктер де бар. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, І, ІІ жəне ІІІ топтағы мүгедектер, көп балалы аналар, жеке меншігіндегі мүлкін мемлекеттің пайдасына өсиет жасайтын азаматтар, сондай-ақ, қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты нотариаттық іс-əрекеттерді куəландыруда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

 

Мұрагерлік іс ашу кезінде «марқұмның көзі жұмылмай жатып мұрасын түгендегенім ұят болар» деп жүргенде белгіленген мерзімді өткізіп алатындар бар ма?

 

Негізі, халықтың құқықтық сауаттылығы жыл санап артып келеді. Сондықтан, мұраға құқықтарын ресімдемей жүріп алатындар сирек. Марқұмның өсиеті бар-жоғын анықтауда, мұрагерлікті куəландыру процедурасында біздің мұрағатымыз зор көмек беріп отыр. Онда барлық қайтыс болған азаматтардың қалдырған өсиеттері жəне ашылған мұралық істердің бар-жоғы жөніндегі мəліметтер, жергілікті нотариаттық палатасы мен нотариустар арасындағы «Uni notary» базасында, БНАЖ-де жинақталған. Базадағы жəне БНАЖ-дегі деректер де облыс нотариустарына мұралық іс жүргізуде үлкен септігін тигізеді.

 

Некелік келісім-шарт деген не?

 

Некелік келісім-шарт жасайтындар болғанмен, олардың саны көп емес. Бізде отбасылық өмірде мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, мүліктерін бөліп алып, ортақ келісім-шарт жасау жоқтың қасы деуге болады. Негізінен, некеге отырғанға дейін де, неке кезінде де жұбайлар өз атына жазылған мүлікті заңдастырып алу үшін нотариусқа жүгініп, некелік келісім-шартын жасақтауына болады. Осы арқылы жұбайлар ажырасқан жағдайда сот органдарына жүгінбей-ақ, дау-талассыз мүлікті өзара бөліп алуына қолайлы деп санаймын. Тəжірибе жүзінде ерлі-зайыптылардың неке кезінде алынған ортақ мүліктерін иеліктен алу жөніндегі мəмілені жасақтау барысында өзара келіспеушіліктер туындайтын кездері де болды. Мұндай жағдайда азаматтар мəміле жасақтау кезінде некеде тұрмайтынын, болмаса иеліктен алынатын мүлікті некеге дейін алғанын айтып, нотариусқа шындықты айтпай, жаңылыстыруға дейін барады. Бірақ, қазіргі заман талабына сай БНАЖ-мен жабдықталған нотариустар мəміле жасақтау барысында осы жүйе арқылы азаматтың жеке басын, оның əрекет қабілеттілігін жəне отбасылық жағдайын да тексере алады. Сондықтан, əрбір азамат шындықты айтпау салдарынан жауапкершілікке тартылатынын ұмытпағаны жөн.

 

Қазір сенімхаттарды куәландыру барысында қандай да бір өзгерістер бар ма?

Биыл сəуір айында Əділет министрлігінде нотариалды куəландыратын сенімхаттарды қашықтықтан/онлайн/беруге арналған «Цифрлық нотариат» жобасының тұсаукесері өтті. Соның нəтижесінде, Əділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі арасында «Цифрлық нотариат пилоттық жобасын іске қосу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Осыған орай, заман талабына сай азаматтар сенімхаттарды нотариуспен бейнебайланыс арқылы онлайн режимде бере алады. Яғни, сенімхат беретін азамат нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, нотариусты «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйесінде немесе БНАЖ-де авторизациядан өтіп, өзіне қажетті сенімхатты бере алады. Бұл пилоттық жоба жəне нотариустардың қызметіндегі жаңадан енгізіліп жатқан іс-əрекет болғандықтан, қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан, бұл жаңалықты жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде соттарда істерді жүргізуге, нотариуста мұрагерлік істерді ашып, жүргізуге берілетін, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында, басқа да құзыретті органдарында, мекемелерінде, меншік түріне қарамастан барлық кəсіпорындарда өкілеттік етуге берілетін сенімхаттар куəландырылады.

 

Соңғы кезде уақытша акт берілген жер телімін саудаға салғандар көбейді. Бұл процесті заңдастыру мүмкін бе?

 

Заңдастыруға болмайды, бірде-бір нотариус уақытша берілген жер актісін ешқандай құжатпен ресімдемейді. Кейбір азаматтар сатылатын жердің арзандығына қызығып, түпкі себебін көрсетпестен ақша алған-бергені жөнінде ғана келісім-шарт куəландыруы мүмкін. Жердің иесі мұндайда сатып алуға сенімхат беретінін айтып, соңынан жер телімін атына аударатынына уəде береді. Бірақ, заңгер ретінде тұрғындарға тек заңдастырылған жерді ғана сатып алуға кеңес берер едім. Сенімхатқа ғана жүгініп, «кейін өзім бəрін заңдастырып аламын» деген оймен азаматтар тəуекелге барады. Мысалы, сенімхат беруші азамат кез-келген уақытта бұл құжаттың күшін жоюына құқығы бар. Соның кесірінен сатып алушы тарап ақшасынан да, жерден де айырылып қалуы мүмкін.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости