Енді қазақстандықтарға нотариаттық консультация алу үшін бар болғаны смартфон мен интернет қажет. ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша, сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құрал болмақ.
«Онлайн-кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар кез-келген сұрақтарға жауап береді. Бұл уақытты үнемдеуге және уақтылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.
Жобаның мақсаты – нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру. Қызметті алу үшін «eGovMobile» қосымшасына кіру керек. Е-нотариат бөлімінде «Онлайн кеңес алу» қызмет түрін таңдап, өтінімді толтыруыңыз қажет. Кеңес алу үшін бейне қоңырау арқылы қажетті сұрағыңызды қоясыз; Банктердің мобильді қосымшалары арқылы нотариустың қызметіне 1 АЕК мөлшерінде төленеді.