Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің шамамен 93%-ы электронды түрде көрсетілетінін айтты. Өткен жылмен салыстырғанда смартфон арқылы көрсетілетін қызметтер саны 6 есеге өсті.
Оған қоса азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін қажет етпейтін проактивті қызметтерді енгізу жалғасып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 40-қа жетті, жалпы 2 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтар арасынан жасақталған фокус-топтардың қатысуымен жалғасып жатыр.
Министр бұған дейін азаматтарға жыл сайын 50 млн-ға жуық қағаз анықтама ұсыну қажет болғанын айтты. Алайда заманауи технологиялар арқылы бұл процесті цифрлық форматқа ауыстыру мүмкін болды. Оған қоса бүгінде жұмыс берушілер мен мектептердің бұрынғыша анықтамаларды талап ету фактілері орын алуда. Бұл мәселені 2024 жылы толығымен шешу жоспарланып отыр.
Бүгінде қазақстандықтар жаңа цифрлық сервистерді жиі қолданатыны атап өтілді. Атап айтқанда, олардың қатарында электрондық сенімхаттар беру, автокөлікті онлайн сатып алу-сату, ипотеканы онлайн рәсімдеу және т.б. қызметтер бар. Осы орайда келесі жылы зейнетақы тағайындау процесі өзгертіледі, ол мүлдем жаңа форматта жүргізілетін болады. Сондай-ақ жұмысқа орналасу, интернет қосу, декларацияларды тапсыру, балабақшаға кезекке тұру кезінде талап етілетін анықтамалардың 12 түрін жою бойынша жобалар әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар отырыс барысында жылжымайтын мүлік бойынша онлайн мәмілелер платформасы таныстырылды. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, мысалы, үйді, пәтерді немесе кеңсені сатып алу немесе сату кезінде бұрынғыдай нотариусқа немесе ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Мұндай онлайн-сервис Blockchain технологияларын және биометриялық сәйкестендіруді пайдалана отырып ұсынылатын болады. Әр объект бойынша жасалатын барлық іс-әрекеттер мен бейнематериалдар «электрондық үкіметте» сақталады. Осылайша, бірнеше күнге созылатын процесс 1 сағатқа дейін қысқарады.
Сонымен қатар тағы бір жоба – I-Qala таныстырылды. Бүгінгі таңда жаңадан пәтер алған азамат су, жылуды және т.б. қосуға келісім-шарттар жасау үшін коммуналдық қызметтерге баруға мәжбүр. Мұндай ауыртпалыққа жыл сайын 700 мыңнан астам адам тап болады, оны шешуге азаматтар 30 күнге дейін уақыт жұмсаған. Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеңілдетілген формат енгізіп жатыр.
Осылайша, пәтер иесіне тиісті SMS жіберіліп, барлық коммуналдық шарт онлайн режимде жасалады. Осының арқасында оператор компанияларға бару қажеттілігі жойылды. Бүгінгі таңда елордада осылай 80 мыңнан астам шарт жасалды. Қазір бұл сервис Алматыда іске қосылуда. Осындай жұмыс республиканың басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.
Сонымен қатар отырыста «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің көбі электрондық форматта қолжетімді, атап айтқанда, оларды смартфондағы қосымшалардың көмегімен алуға болады.
«Электрондық мемлекеттік қызмет көрсету – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды факторы. Процестерді цифрландыру мемлекеттік органдарға өтініш беру, анықтамалар алу сияқты қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік берді. Бұл – дебюрократизация ғана емес, сондай-ақ азаматтардың уақытын үнемдеу», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, қабылданған шаралар Қазақстанға онлайн қызметтер көрсету бойынша БҰҰ рейтингінде 8-орынға көтерілуге себепші болды.
«Халықаралық сарапшылар атап өткендей, бұл – біздің еліміздің үлкен жетістігі. Осы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру қажет. Көрсетілетін қызметтер сервисінің деңгейін үнемі арттыру қажет, бұл әсіресе, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру тұрғысынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы офлайн-сервистің толыққанды драйверіне айналуы тиіс.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, адамның бүкіл өмірін қамти отырып, проактивті қызмет көрсету қажет. Ол үшін бизнес-процестердің реинжинирингі жүргізіліп жатыр. Қажетті ақпараттар деректер базасында болған кезде өтініштер мен растайтын құжаттарды жинау тәжірибесінен алшақтауымыз қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, мемлекеттік органдар қызметтер «әдепкі қалпы бойынша» көрсетілетін тәсілдерді енгізуі тиіс. «Smart Data Ukimet» платформасында іске асырылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасын осындай мысалдардың бірі ретінде атап өтуге болады.
«Бұл тәсілді барлық өмірлік жағдайға кеңінен қолдану қажет», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Үкміет басшысы «Электрондық үкімет» порталында білім туралы құжаттарды тану, тұрғын үй көмегін тағайындау, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту сияқты мемлекеттік қызметтердің 22 түрін алуға әлі мүмкіндік жоқ.
«Адамдар мәліметтер дұрыс емес деп шағымданады. Биылғы 10 айдың өзінде ғана мәліметтерді түзетуге 56 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл түрлі дерекқорларды біріктіріп, ақпаратты цифрландырған кезде жұмыстың сапасы дұрыс болмағанын көрсетеді», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ХҚКО-ға келушілер ондағы ұзын-сонар кезекке және ғимараттарда қолайлы жағдайлардың болмауына наразы екенін айтты. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар арнайы пандустар мен көтергіштердің болмауына байланысты кейбір ХҚКО-ға кіре алмайды.
«Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу өте қиын. Лицензиялар мен рұқсаттар алуға өтініш беру күрделі болғаны сонша, азаматтар консалтингтік компаниялар мен жеке тұлғаларға жүгінуге мәжбүр. Жалпы аталған жайттар атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың тиімділігін төмендетіп жібереді. Сондықтан азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын бірден назарға алып, шұғыл шаралар қабылдау қажет», — деді Үкімет басшысы.
Осыған байланысты Премьер-Министр 2024 жылғы наурыз айының соңына дейін электрондық түрде болады деп мәлімделген мемлекеттік қызметтердің қалған түрлерін автоматтандыруды, сондай-ақ жүйелі түрде проактивті көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейтіп тұруды тапсырды.
«Әрбір мемлекеттік қызметтің нақты жай-күйін тұрақты тексеріп тұру қажет. Оның оңай алынуына, деректердің дұрыстығына және олардың қауіпсіз сақталуына ерекше назар аудару керек. Жалпы халықтан сұралатын құжаттардың тізбесін оңтайландыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрің сөзінше, бизнес пен азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге басымдық берілуі тиіс.