RSS лента

Жастар әскерден неге қашатыны белгілі болды...

Автор фото: baq.kz

Қазіргі жастардың әскерге баруға құлшынысы төмендеп тұр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қазақстан әскерінің қорғаныс қабілеті қандай? Бұл сауалға ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев жауап берді.

 

«Қорғаныс министрлігінде ел əскерін заманға сай жоғары технологиялық қару-жарақпен жəне əскери техникамен жабдықтау ісі тұрақты жүргізіліп келеді, - дейді ол. – Бұл – Қарулы Күштердің алдында тұрған басты міндет. Құрлық əскерлері қару-жарақ пен əскери техниканың, жоғары дəлдіктегі қарудың, байланыс, барлау жəне автоматтандырылған басқару жүйелерінің озық үлгілерімен жабдықталған. Оның ішінде электронды барлау жəне күрес жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен бронетранспортерлер, зымыран-артиллериялық қару, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық жəне биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар, түрлі медициналық техникалар бар. Əуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі жетілдірілген жойғыш жəне əскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші жəне көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен толықтырылды. Оның ішінде 4++ Су-30СМ буынындағы озық үлгідегі жауынгерлік ұшақтары бар. Су-27 жəне Су-25 ұшақтары терең жаңартудан өтті. Авиациялық парк өз класында үздік саналатын С-295 əскери көлік, Zlin оқу-жаттығу ұшақтары, ЕС145, Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшақтары, Ми-35М көп мақсатты соққы беруші тікұшақтармен қамтылды. Жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар, өзге де жүктерді Қарулы Күштердің қажеті үшін алыс қашықтыққа тасымалдау, арнайы операциялар мен өзге де мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды орындау үшін орта жəне үлкен жүктерді көтеретін əскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарланып отыр. Əуе шабуылына қарсы қорғаныс əскерлері жаңа жəне жаңғыртылған зымырандық кешендер мен радиолокациялық стансалармен қамтылған. Бүгінде елдің əуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сенімді зениттік-зымыран кешендері, отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері күзетеді. Ал, əскери-теңіз күштері Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы 7 мамырда отандық «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мəтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік шеруге қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режимде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсеткені көпшіліктің есінде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда əскери ведомство отандық қорғаныс өнеркəсібі кешенімен өзара ықпалдасып, əскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр. Бүгінде отандық кəсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық корабльдері, «Нұр» радиолокациялық станциялары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдары, оптикалық көздеуіштер жəне автомобилдік техникалармен де толықтыруға болады. Отандық қорғаныс өнеркəсібі кешеніне қарасты кəсіпорындарда қару-жарақ пен əскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі де бар. «Нұр» радиолокациялық станциясы – қорғаныс өнеркəсібі кешенінің серпінді даму көрсеткіштерінің бірі. Қазақстандық-француздық əзірленімдегі «Нұр» РЛС GM 403 аналогы заманауи элементтік базада жобаланған жəне радиоэлектрондық əсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Аталған əскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін қазақстандық «Гранит Талес Электроникс» кəсіпорнында жасалған. Əуе шабуылына қарсы қорғаныс əскерлерінің мамандары 2019 жылдан бері қолданыстағы бұл техниканың пайдалану нəтижелерін жоғары бағалайды. Десанттық шабуыл əскерлерінің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Биыл Қарулы Күштердің қазықты құрылымы дербес əскер тегіне айналды. Бүгінде Қарулы Күштердің элитасы саналатын осы жасақ Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Арнайы операциялар күштеріне қорғаныс жəне əскери қауіпсіздік жөніндегі тапсырмаларды орындау, лаңкестікке қарсы операцияларға қатысу жəне заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген.

 

Былтыр тамыз айында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен үш кезеңнен тұратын «Өміріңді сақта!» атты ведомствоаралық бағдарлама бекітілді. Бұл құжат құқық бұзушылықтың алдын алуға, билікті асыра пайдалану деректерін ескертуге, жарақаттану мен əскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға, əскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Оны əзірлеуге Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан жəне Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен психологтар қатысты. Құжат алдын алудың тиімді шараларын əзірлеуге, əскерлерде жүргізіліп жатқан жұмысқа бұқараның оң көзқарасы мен қолдау көрсетуіне бағытталып отыр. Бағдарламаның мазмұны тəжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы. Ақпараттық-имидждік блоктан бастап, əскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында əскери инфрақұрылым нысандарын жетілдіру жөніндегі жұмыстардан заң шығару қызметіне дейінгі алдын алу бағыттарының барлық кешені қамтылған. Қазіргі əскер – ашық əлеуметтік институт. Сол себепті, біз ұстанатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізіндегі бағдарлама қазірдің өзінде нəтижесін берді. Мəселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайтарымсыз шығындар мен қылмыстық əрекеттердің саны едəуір қысқарды. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта!» бағдарламасының нəтижесі 2026 жылы қаңтарда өтетін министрліктің бірлескен алқа мəжілісінде хабарланады. Құқықтық жəне əскери тəртіпті сақтау, əскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін əлеуметтік қолдау, Қарулы Күштердің қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде сарбаз аналары комитетімен өзара қарым-қатынасын жетілдіру бағытындағы жаңа тəсілдер жұмысты жаңаша бағытта ұйымдастыруға негіз болды. Əскерлерде қазіргі заманғы байланыс құралдарын пайдалана отырып, мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыстарымен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейту шаралары қабылданып жатыр. Оның мысалы ретінде «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметінің бұқараның сұранысына ие болғанын айрықша айтуға болады.

 

Əскери қызметтің барлық саласына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Əскери міндеттілер мен шақырылушыларды есепке алу сандық нұсқаға ауыстырылды. Бұл жергілікті əскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді. Енді мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар хабарлама ала алады. Бүгінде 300 мыңнан астам əскерге шақырылушы 1414 сall-орталығынан ЅМЅ хабарлама алып үлгерді. Қарулы Күштерді цифрландыру үш блокқа бөлінді. Оған Армияны жасақтау жəне жұмылдыру əзірлігі, жауынгерлік даярлау жəне əскерді жауынгерлік басқару процесі кіреді. Бірінші блоктың міндеті – мерзімді қызметке шақыру жəне келісім-шарт бойынша əскери қызметшілерді қабылдау рəсімін толық цифрландыру. Екінші блок барлық процесті цифрлық форматқа ауыстыру арқылы Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруді көздесе, үшінші блок əскерді жауынгерлік қолдануды цифрландыруға бағытталған. Ведомство тарапынан QR код көмегімен халықты ақпараттандыру үшін əзірленген арнайы ақпараттық панельдің арқасында азаматтар Қарулы Күштердің құрылымы туралы біле алады. Мұнда Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі, басқа да əскерлер мен əскери құрылымдар туралы толыққанды мəлімет бар. Осы жүйе арқылы орталық мемлекеттік органдардың басшылығына тікелей жүгінуге де болады. Азаматтар кез келген уақытта əскери комиссариаттардың байланыс нөмірлерін де таба алады. Instagram аккаунттар жүйелі жұмыс жасауда.

Оставить комментарий
Последние новости
Все новости