ҚР Қорғаныс министрлігі мәлім еткендей, 16 тамыздағы жағдай бойынша азаматтық жоғары оқу орындарына 2022 жылғы көктемгі әскерге шақырылған 498 сарбаздан құжат келіп түскен. Оның 158-і ЖОО есебінен тегін оқуға, 340-ы түсу емтихандары мен ҰБТ нәтижелерін тапсырусыз ақылы негізде оқуға арналған.
ЖОО-ға түсу үшін құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады. Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 26 тамызға дейін ұзартылды.
Әскери мамандықты игеруді ұйғарған жастарға еліміздің әскери жоғары оқу орындарының біріне түсуге бірегей мүмкіндік беріліп отыр. Әскери университетті бітіргеннен кейін түлектер жоғары білім туралы диплом алады. Оларға «лейтенант» алғашқы әскери атағы беріледі.
Ведомство Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, бастамашылық жасаған жоба Мемлекет басшысының білім беру жеңілдіктерін беру арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Бұл мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға екі жыл ішінде ақылы негізде ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін есепке алмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Ал жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орны есебінен өтеусіз негізде ҰБТ есебінсіз оқуға құқық беріліп отыр.
Сонымен қатар оларға өзі таңдаған оқу орнының әскери кафедрасына емтихансыз түсуге және оның ақылы немесе университет есебінен өтеусіз негізде өтуіне рұқсат етіледі.
Армия мектебінен өткен азаматтар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына да емтихансыз түсе алады. Қорғаныс ведомствосының жоғары оқу орындарына қабылдау Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде жүргізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асады.
Іріктеудің ыңғайлылығы мен ашықтығы мақсатында Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің жүзден астам әскери бөлімдері тіркелген «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілді. Онда барлық жауынгерлердің қызмет атқару кезеңіндегі бағалары көрсетілген. Жүйе автоматты түрде сарбаздардың рейтингін олардың қорытынды бағалары бойынша құрып, оларды жоғары оқу орындарына бөледі.
Маусым айының ортасында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сарбаздарды жоғары оқу орындарына онлайн бөлу барысында 1500 орын бөлінді. Бұл ретте конкурстық іріктеуге 12 548 сарбаз қатысты.