Осындай жаңашылдық мемлекеттік органдармен және Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің «SmartDataUkimet» ақпараттық-талдау жүйесімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырудың арқасында мүмкін болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35 және 36-баптарына сәйкес Электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады. Егер бұрын азаматтар әскери комиссариаттарға барып, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқылы екенін дәлелдеу қажет болса, биылдан бастап мемлекеттік органдардың дерекқорларын «SmartDataUkimet»-пен интеграциялау арқылы азаматтарды мерзімді қызметтен автоматты түрде босатуға мүмкіндік бар», – деді спикер.
Қорғаныс вице-министрінің айтуынша, алынған мәліметтер негізінде «SmartDataUkimet» сегменттеуді жүргізеді және білім беру ұйымдарында жалпы орта білім алып жүрген азаматтарды; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алып жүрген азаматтарды; некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар азаматтарды; мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерді автоматты түрде алып тастай отырып, потенциалды әскерге шақырылушылардың тізімін жасайды.
«Студенттер бүгіннен бастап автоматты режимде әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға негіз бар екендігі туралы смс-хабарлама алады. Олар бұған келісуі де, келіспеуі мүмкін», – деді спикер.
Қазіргі уақытта заңды түрде әскери қызметкер шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар 300 мыңнан астам студент анықталды.