Мұны философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Өмірбек Бекежан да мойындап отыр.
– Жалпы, патриотизм ұғымының өзі таласты, көп қырлы нәрсе, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Себебі, бұл – саяси билікпен, саяси идеологиямен тығыз байланысты, көбінесе мемлекеттік сипатқа ие термин. ХХ ғасыр тарихында адамзат осы патриотизмнің, әсіресе ұлттық және саяси түрлерін басынан өткерді. Миллиондар құрбандыққа шалынды. Бірақ, ХXI ғасыр одан сабақ алған жоқ. Осы ғасырда солтүстік көршіміздің патриотизмдік ұстанымы мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігіне айналды, ал одан не шыққанын бәріміз көріп отырмыз. Демек, бір елдің патриотизмі көрші елдерде де сондай ұстанымды туғызуға тиіс құбылыс еді. Осы тұрғыдан қарасақ, бізде қазақстандық патриотизм ұғымының мән-мағынасы, ұстанымы, қағидасы әлі күнге дейін толық айқындалмағандай көрінеді. Бұл жерде «қазақстандық» және «қазақ» терминдерінің айналасындағы пікірталас, терминдік айқынсыздықты айтсақ та жеткілікті сияқты.
Әрине, ұлттың тарихы, аға ұрпақтың ерлігі, еліне атқарған еңбегі – патриоттық тәрбиенің маңызды элементі. Тек ерлер ғана емес, ұлттың рухани көсемдерінің, даңқты өкілдерінің бәрі де ұрпақтың мақтанышы, ұлтты, елді қастерлеудің маңызды факторы болып табылады. ХХ ғасырдың қайшылықты оқиғалары, саясат араласқан өткен тарихтың көлеңкелі жақтары бүгінгі ұрпақтың өткен оқиғаларға деген күмәнді көзқарасын, таласты пікірін тудырды. Бұған көрші елдің өткен ортақ тарихи оқиғаны геосаяси мақсатта, жұмсақ ықпал етудің құралына айналдырған пиғылы да өзіндік әсерін тигізді. Сондықтан, «сол тарихи ерліктерді бүгін ғаламтор мәдениетінің өкілі – жастарға жететіндей, оларды баурап алатындай деңгейде көрсетіп жатырмыз ба?» деген сұрақ туындайды. Тарихты тек дәйекті берумен қатар, әдемі, қазіргі өнер, кино саласындағы заманауи арнайы құралдармен беру де оның тиімділігін арттырар еді.
Қазіргі саясаттану ғылымында «бірегейлік» деген ұғым бар. Ұлттық бірегейлік, мемлекеттік бірегейлік, тағы сол сияқты жалғаса береді. Осындайда «қазақстандық патриотизмді анықтауға біз қалай, не арқылы келуіміз керек?» деген сұрақ туады. Яғни, бәрімізді қазақстандықтар ретінде біріктіретін тарихи өткеніміз, ортақ құндылықтар, дүниетаным, мәдениет, спорт жетістіктері, менталитет, тіл, экономика сияқты ұғымдар бар. Бірақ, осы қоғамды біріктіретін ұғымдарга келгенде әлеуметтің ішінде қайшылық, талас, кереғар көзқарастар барын көреміз. Қазіргі прагматизм дәуірінде тағы да басқа нәрселер бар. Олар – экономикалық жағдай, бизнесті дамытуға қолайлы орта, заманауи білім, дамыған технология, әділеттік, жақсы заңдар тәрізді өлшемдер тізбегі. Осының бәрі Қазақ елінде тұратындар үшін, олардың діні мен ұлтына қарамастан мақтаныш, патриотизм сезімін туғызуы тиіс. Егер жастардың өз елін мақтан тұтуына жағдай, алғышарт жасалар болса, «Отан», «туған жер» ұғымын қалыптастырудың бір алғышарты осы. Қазір әскерге байланысты да осындай пайдалы алғышарттар, көтермелеулер керек екені сөзсіз. Қайткенде де, әскерде болудың өзіндік артықшылығы болуы шарт. Әскердегі келеңсіздіктің түптамыры да әлеуметтік ортада жатыр. Демек, әскердегі қарым-қатынас – қоғамдағы жағдайдың айнасы. Әскерді қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Қоғамның дертіне айналған қатыгездік, моральдік ахуалдың төмендеуі, осының бәрі тәрбие мәселесімен сабақтас. Бұл жерде армия өзінің жақсы дәстүрімен, қатаң тәртібімен қоғамға үлгі, жастарға құлшыныс шақырса болар еді. Сонда ғана ата-ана баласын әскерге жіберуге, жастар болашақ өміріне қажет дивиденд алуға асығар ма деп ойлайсың. Алдағы уақытта әскер де жастарға арналған әлеуметтік лифт түріне айналуы тиіс.
Патриотизм қалыптасуы үшін әлі де күні-түні қоғамдық сананы шырмайтын идеология немесе жоғарыдағы атап өткен жағдайдың бәрі болуы қажет. Бірінші, қазіргі ақпараттық заманның ешқайда апармайтын тұйық жолы. Әрине, бұл жерде заманауи өнердің түрлерін, ақпараттық технологияларды молынан пайдалану керек. Қазіргі заман – Самюэль Хантингтон айтқандай, өркениеттер қақтығысы заманы. Ол қақтығыстың бір өрісі – ақпараттық майдан. Құндылықтар қақтығысында патриотизм сол өрісте көрініп, ұлт, мемлекет өзінің бірлігін, тұтастығын таныта білуі керек. Сондықтан, қазақстандық патриотизм қалыптасуы баяғыдай ұранға, жалаң үгітке негізделе алмайды. Қазақстандағы ұлттарды біріктіретін факторды айқындаудың маңызы күннен күнге артып келеді. Әсіресе, қазақтың өзі, оның бүгінгі ұрпағы патриот болмайынша біз қазақстандық патриотизмді қалыптастыра алмаймыз, ол – анық. Ал, қазақтың патриотизмі – жалпықазақстандық патриотизмнің алғышарты. Өз Отанын, тілі мен тарихын сыйламайтын ұлт өкілі тұрғанда, басқалардан бірдеңе талап ету де қисынсыз. Қазақстанда қазақ болу тиімді болса, осы елдің азаматы болу мәртебе болса, оның тілінде сөйлеу жетістік болса, патриотизм деген сол! Сондықтан, бұл тақырыпта атқарылар іс ұшан-теңіз, құр ұрандату, дүбірлі мереке өткізу қазіргі нарық пен прагматизм дәуірінде ұлтжандылықты қалыптастырады деу де жаңсақ көзқарас. Қоғамдағы келеңсіз оқиғалар, тіпті ұлт ішіндегі бөлініс өкінішке қарай ортақ патриотизм сезімінің қалыптасуына кедергі. Ұлттың дін немесе тіл бойынша бөлінуі қоғам тұтастығы үшін өте қауіпті. Сондықтан, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылыққа жететін нәрсе жоқ. Бұл – біздің еліміздің үлкен жетістігі және оны әлем мойындап отыр. Осының өзі-ақ патриоттық тәрбиенің маңызды факторы екені сөзсіз. Біз оны ұтымды пайдалана білуіміз керек.
Патриотизм – көп қатпарлы, басқа да ұғым-түсініктермен, факторлармен ұласып жатқан сезім. Ол сезімге тәрбиелеу жан-жақты жұмысты, отбасында айтылатын ата-ананың ақылы, тәлім-тәрбиесімен даритын, ел мен жерге деген сезімдерден басталады. Осының бәрін ескерсек қана қазақстандық патриотизм ұғымының ауқымы мен мән-мағынасын түсіне аламыз. Отансүйгіштік тәрбиенің факторы көп. Соның маңыздысы – ақпарат, ғаламтор. Демек, отансүйгіштік сезімі бүгін ақпараттан басталады. Ендеше, қазіргі бесіктен белі шықпаған қазақ баласының, басқа ұлтты айтпай-ақ қояйық, қандай контентте, қай тілде отырғанын қараңыз. Олар патриотизмге тәрбиелейтін отандық канал, сайт, қазақ тілді контентті қарап отыр ма? Күмәнді!