Ендеше, еуропалықтар жолды қалай салады? Тақтайдай тегіс жолдардың құпиясы неде? Біз мұны Данияда тәжірибе жинақтаған жолшы Ардақ Мырзагерейұлынан сұрадық.
– Медицинада диагностика деген түсінік бар. Бұл аурудың туындау себебін анықтайды. Егер дәрігер науқасқа қате диагноз қойса, онда бұл оған өлім жазасын кескенмен тең деуге болады. Себебі, аурудың неден пайда болғанын таба алмаған маманның ем-домы ауруды одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін. Міне, осындай диагностика ұғымы жол саласында да бар. Мәселен, жолшылар жол жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын оның жай-күйімен жақынырақ танысып, сапасына дұрыс баға бере білуі керек. Әйтпесе, еңбектің бәрі зая кетуі мүмкін. Данияда диагностика саласы осыдан бір ғасыр бұрын дамып кеткен. Сондықтан ондағы мамандармен тығыз байланыс орнатылған, - дейді ол.
Ал, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Дархан Сайлауов жыл соңында немесе жаңа жылдан бастап бұл елден қажетті бірнеше құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отырғанын айтады. Бұл диагностика жұмыстарын оңтайландыруға септігін тигізбек.
Сонымен бірге, Данияның білікті мамандары бізге келіп, бір жыл толықтай жұмыс жасайды екен. Яғни, біздің жолдарды өздері зерттеп, сынама алады. Ал, келесі жылы олардың бастаған жұмысын жергілікті мамандар одан әрі жалғап кетеді.
Бұдан бөлек, аталған елмен жұмыс күшін үнемдеу, жемқорлықты болдырмау, ІТ-технология тетіктерін қолдану, автоматтандыру және басқа да бағытта келісімшарттар жасақталады деп жоспарланып отыр. Бірақ, бұл біздің еліміз өркениет көшінен кеш қалып қойды деген сөз емес. Айталық, біз ІТ-технология бағытында алдыңғы орында келеміз. Сөзімізге дәлел, жуық арада Польша мемлекеті қазақстандық тәжірибені қолдану үшін арнайы меморандумға отыруды көздеп отыр екен.