Пәтер бола ма, әлде жеке сектор бола ма, бәрі де адамның алаңсыз өмір сүруіне қолайлы болуы керек. Бұл бағытта біз үйдің сәні мен сәулетіне мән береміз де, ондағы тазалыққа аса көңіл бөлмей жатамыз. Тазалық дегеніміз дүние мен мүліктің тиянақты жиналып тұрғаны деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Үйдің әр бөлмесі мен бұрышы шаң-тозаңнан тұрақты тазартылып тұрса, тазалық дегеніңіз – сол. Бұлай болмаған жағдайда денсаулығыңызға зор қауіп төніп тұр дей беріңіз.
Таза тыныс
Солардың бірі – шаң кенесі. Аты айтып тұрғандай, бұл – ағзаның аллергиясын қоздыратын ең көп таралған бактерия. Оны сіз әр тыныстаған сайын оттегімен бірге жұтып отырасыз. Көп жағдайда мұндай кене демікпе ауруын туғызып жатады. Британдық ғалымдардың зерттеу нәтижесі көрсеткендей, астмамен ауыратындардың 65 пайызына шаң кенесінің кесірі тиеді екен. Ал, бұл бактериялар пәтерлерде жиі кездеседі.
Ендеше, ауадағы микроб үлесін азайтуға бола ма? Бұл бағытта Дания елінің ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіпті. Олар шаң тозаңындағы аллергендерді анықтаған. Алдымен, демікпемен ауыратын отыз адамның үйіне инспекциялық талдау жүргізілді. Нәтижесінде, олар жатқан кереуеттегі 1 грамм шаңнан 110 кене табылды. Мұны ғалымдар емес, басқа біреу айтса ешкім сенбес еді. Қалай болғанда да, жүзден аса кене дегеніңіз – қауіпсіз мөлшерден тыс тым жоғары.
Осыдан соң зерттеуге қатысқан адамдардар жаңа пәтерге ауыстырылды. Онда арнайы механикалық желдеткіштер қойылды. Ақыры, кенелердің күрт азайып кетті. Сөйтіп, 110-нан 20-ға төмендеді. Сонымен, бұдан не түюге болады? Демек, пәтерді аракідік желдетіп отыру керек. Бұл ретте, ескере кететін жағдай, ауа ылғалдандырғышты қолданбау қажет. Өйткені, ауаның шамадан тыс дымқыл тартуы да денсаулыққа зиян.
Жуамын деп уланып қалмаңыз…
Осы орайда, «түрлі тазартқыш құралдар мен кір жуғыш заттар бар ғой, бактерияларды солардың күшімен жоюға болады емес пе?» деген ой туады. Ал, одан пайда емес, керісінше, зиян келетінін білесіз бе? Американдық ғалымдар бұл бағытта метаанализ жүргізді. Сөйтіп, тұрмыстық химия құрамын тексеріп шықты. Күтілгендей, химикаттардың саны шекті көлемнен көп болып шықты. Ең көбірек кездесетіні – фталат, бұл еріткіш құрал ретінде жиі қолданылады. Оның құрамында ер адамның гормональдық жүйесін бұзатын заттар бар. Сондықтан, өте қауіпті болып есептеледі. Ендеше, әрбір тұрмыстық химия құралын қолданар кезде құрамымен танысып алған артық етпейді.
Мәселен, сіз үйдің бір бұрышын қолыңызға түсе қойған кез келген жуғыз затпен тазалап шықтыңыз делік. Ол жерде сол химиялық заттың ізі қалады. Кейін, кішкентай балалар барып онда ойнауы мүмкін. Нәтижесінде, дамуында тежеліс пайда болса, таң қалмаңыз! Себебі, химикаттар адам ағзасының иммунитеттік күшін жояды, тіпті, түрлі ісік ауруына шалдықтыруы да ғажап емес. Міне, сондықтан да экологиялық тұрғыда қауіпсіз заттарды ғана пайдаланған жөн.
Хош иісті шырақтар
Жағымды иіс бөлетін шырақтарды жиі қолдансыз ба? Мұнымен де көп әуестенбеген абзал. Ондай шырақтарда денсаулыққа зиян қорғасын бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол шамадан тыс ұзақ жанатын болса, ауаға улы заттар таралады. Атап айтқанда, түрлі токсиндік газ бен бензол бөлінуі әбден мүмкін.
Қарапайым жарық жоқ кезде жағылатын шырақшаларды да жиі қолданбаған жөн. Бұлардың дерматит, астма, онкология және басқа да ауруларды асқындырып жіберу ықтималдығы зор. Ал, жүкті кезінде ароматты түтінмен тыныстаған әйелдердің балалары генетикалық мутацияға ұшырау қаупі бар. Олай болса, ароматерапияның да шегін белгілеу керек деген сөз. Оны тек сенімді сауда орындарынан ғана сатып алған дұрыс. Мәселен, эфирлік майлар қосылған табиғи шырақтар анағұрлым қауіпсіз.
(Жалғасы бар…)