RSS лента

«Мияу-мияу», «тұз» есірткілері жастарды улауда...

  • 09.05.2023, 17:20,
  • 1 008
  • 0
  • Автор:
Автор фото: "Атырау" газеті

Елімізде «синтетикалық есірткі» ұғымы осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Психикалық денсаулық орталығының наркологиялық бөлім меңгерушісі Ержан Төремұратовтың "Atyray" газетіне берген сұхбатында айтуынша, алғашында қоғамға темекі қоспалары бар «спайс» келіп, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастапты.

 

– Кейіннен есірткі әлемінде «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды, - дейді ол. – Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр. Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал, еліміздегі кез-келген адамға интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Осылайша, барлық іс белгісіз ара қашықтықта жасалады. Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті.

 

Рас, «синтетика» аз ғана уақыттың ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Қолдану әдістері де ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Себебі «синтетиканы» әдетте темекі секілді шегеді, дем алады немесе ішке қабылдайды. Сондықтан олар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Ал, бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ. Есірткі қылмысын тек қара күш қолдану арқылы шеше алмайтынымыз анық. Расымен де, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды. Сондықтан да қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып бірлесе қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Осы бағытта тек мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында оң нәтижеге жетуге болады. «Синтетикалық» наша сатушылар болашақта өздерінің тұрақты клиенттерін қалыптастыра бастайды. Яғни олар қара нарықтағы тұтынушыларының санын азайтпауға мүдделі. Есірткі саудагерлері оны таратудың заманауи әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар интернет технологиясының барлық амал-тәсілдерін пайдаланады. Әсіресе, есірткіні түрлі сайттарда жарнамалауға ерекше назар аударады.

 

Байқағанымыз, соңғы уақытта мұндай синтетиканың түрлі атын иемденген түрлері көбейіп барады... Кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны ірітіп жібереді. Соңғы 2-3 жылда «альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристал» дейтін түйіршіктер мен ұнтақтар күрт көбейіп, олардан төнген қауіп пен кесел де азаймай отыр. Соңғы уақытта, әсіресе, 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында «синтетиканың» «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» секілді түрлері үлкен сұранысқа ие. Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың дені – өздерін жалғыз сезінетіндер. Олар өздерін өте төмен бағалайды. Өмірге құлшынысы жоқ. Ата-аналары оларды түсінбейді. Бүгінде бақылаудағы психикалық белс енді затт ардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Бұл заттардың әрқайсысы адам ағзасы мен психикасына ешқашан өшпейтіндей із қалдырады. Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді. Тіпті «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады.

 

Қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. Оны пайдаланған адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда, кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзылулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше, адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды.

 

Әдетте «синтетика» тұтынған адамның жанары шарасынан шығып кетеді, көзқарасы да «жабайы» болады. Мефедронға мас адамның жүрек қағысы жиілеп, жай жүрсе де ентігіп қала береді. Бұлшық еттері қақсап ауырып, тістері ыстық пен суыққа қатты сезімтал болып кетеді. Музыка мен жарыққа сезімталдығы жоғарылап, ұйқысы мен тәбеті бұзылады. Синтетикалық есірткіні пайдаланғаннан кейін нашақордың күші тасып, эйфория, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділік артып, әлдебір супер қабілеттеріне сене бастайды. Бұл әсерлер сөзсіз ұйқысыздық пен күш жоғалтуға әкеледі. Адам өзі үшін қатты қорқады, әсіресе, өлімге байланысты ой оны шошыта бастайды. Ол ашуланшақ болады, оның санасында әлдебіреулерге деген «қастандық теориясы» пайда болады, оған бүкіл әлем қарсы және айналасындағылардың бәрі қауіпті болып көрінеді. Синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болады. Адам ағзасы бұрын-соңды мұндай уды татып көрмеген. Сондықтан да оны шексе де, ексе де, иіскесе де әйтеуір бір жолмен ішке түскен жұлынқұрт уақыт өте ағзаны ірітеді. Өлімге тәуелділік пен азаптың пайда болуы осыдан басталады. Ал, ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек. Синтетикалық есірткінің әсері туралы кез-келген маманды сөзге тартсаңыз, бәрінің айтар ойы бір жерге келіп тоғысады. Ол – «барлық синтетикалық препарат адамның қайғы-қасіретінен пайда табу үшін жасалады» деген ащы тұжырым. Себебі, келе сі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда, есі мен етін улап алған тажал ішке бір кірген соң әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости