Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов айтып берді.
«Есірткіні беймедициналық мақсатта қолданғаны үшін жазаны жеңілдетуді көздейтін екі заң жобасы әзірленді. Яғни, есірткіні аз мөлшерде қолданған және сақтаған адамдар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деді Бақытжан Әмірханов министрлік ұйымдастырған онлайн-брифинг барысында.
Спикердің айтуынша, заң жобасы прекурсорлар мен қатты әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Сонымен бірге, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелерін елдің жоғары басшылығы мемлекеттік басқару органдарының басым міндеттерінің бірі ретінде айқындаған.
Бүгінгі таңда 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, онда шетелде өндірілген есірткілердің түсуіне, олардың ел ішінде таралуына және өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту, сондай-ақ ішкі істер, денсаулық сақтау, сот сараптамасы органдарын және шекаралық өткізу пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру шаралары көзделген. Аса қауіпті болып сналатын мефедронның, пировалеронның және олардың аналогтарының, синтетикалық каннабиноидтардың «криминалдық» мөлшері 50 грамнан 1 грамға дейін заң жүзінде төмендетілді. Оларды өткізу мақсатынсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.