Бухгалтерлік ұйымдар қаржылық мониторингке жататын ақшамен және мүлікпен операциялар бойынша қызмет көрсетеді. Ведомствоның мәліметінше, олардың клиенттерінің жеке операциялары қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға байланысты болуы мүмкін.
«Осыған байланысты бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес қаржылық мониторинг субъектілерінің тізіміне енгізілген және барлық күдікті және шекті операциялар туралы Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауға міндетті», — делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, жекелеген қаржылық мониторинг субъектілерінің кірістерін жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қатысуына талдау тұрақты негізде жүргізілуде. Талдау нәтижесі кейбір бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер шекті және күдікті операциялар туралы мүлдем есеп бермейтінін көрсеткен.
«Операциялар туралы ақпаратты жібермеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, сондай-ақ ақшаны жылыстату қылмысын жасыру немесе жасауға қатысу ретінде қарастырылуы мүмкін», — деді ведомстводан.
Осыған байланысты агенттік жоғарыда аталған субъектілерге операциялар туралы есеп беруді ұсынды.