Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, бұл өзгеріс тиісті құжатпен бекітілген.
Жаңа тәртіпке сәйкес есеп айырысу аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайынғы негізде жүзеге асырылады. Зейнетақы активтерін есепке алу және есептеу тәртібі мынадай әдіснамалық тәсілді көздейді. Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) зейнетақы жарналары түскен кезде, келіп түскен зейнетақы жарналарының сомасын есептеу жөніндегі операциялар оларды зейнетақы жарналары түскен күнгі шартты бірліктің ағымдағы құны бойынша зейнетақы активтерінің шартты бірліктерінің баламалы санына қайта есептей отырып жүзеге асырылады.
Салымшының (алушының) ЖЗШ-сынан зейнетақы төлемдерін жүргізу кезінде зейнетақы жинақтарының сомаларын есептен шығару жөніндегі операциялар оларды зейнетақы төлемі күніндегі шартты бірліктің ағымдағы құны бойынша зейнетақы активтерінің шартты бірліктерінің баламалы санына қайта есептей отырып жүзеге асырылады. Зейнетақы активтері ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылатындықтан, шартты бірліктің құнын есептеуді апта сайынғы негізде жүргізу (аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша) қаржы құралдары құнының және олар бойынша инвестициялық кірістің қысқа мерзімді нарықтық өзгеруінің салдарынан салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының күнделікті ықтимал ауытқуларын реттеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, салымшыларға (алушыларға) ЖЗШ-дан берілетін үзінді көшірмелердегі инвестициялық табыс бөлігіндегі ықтимал өзгерістер әрбір аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында және әрбір айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңында көрініс табатын болады. Бұл ретте зейнетақы жарналарының (өсімпұлдардың) барлық түсімдері туралы, жүзеге асырылған зейнетақы төлемдері мен аударымдары туралы (екінші деңгейдегі банктерге, уәкілетті операторларға, сақтандыру ұйымдарына, инвестициялық портфельді басқарушыларға) ақпарат бұрынғыдай операцияларды жүргізу кезінде күн сайын толық көлемде көрсетілетін болады.