RSS лента

Жасөспірімдер қатыгез болып барады...

  • 21.04.2023, 02:30,
  • 576
  • 0
  • Автор:
Автор фото: скриншот

Бүгінде қазақстандықтарды қатыгез қоғам алаңдатып отыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Дүйсенбек Гайсин "Atyray" газетіне берген сұхбатында 

айтқандай, Қазақ елі – өзгелермен, əсіресе Еуропамен салыстырғанда менталитеті мүлдем бөлек мемлекет. Ата-баба заманынан келе жатқан салт-дəстүр мен əдет-ғұрыптың тəрбиелік мəні өте жоғары. Бүгінде шетелдіктерге еліктейміз деп, осы құндылықтардың ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Əрине, шетелдіктерден де үйренетін жақсы дүниелер бар. Бірақ соның тек жақсы жағын ғана алған жөн. Бізде қазір білімді, тəрбиелі жастар өте көп. Бірақ, «бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» рас екен, түзу жолмен жүріп келе жатқан ұрпақты басқа бағытқа итермелейтін жасөспірімдер де баршылық. Меніңше, қоғамда «адамды жазалау арқылы түзету» деген теріс түсінік бар. Алайда, ешқашан жазамен тəртіп орнамайды, бұзақы түзелмейді. Керісінше жазалау адамға қатыгездік, өтірік айту, бұзақылық секілді əрекеттер мен көзқарастарды қалыптастырады. Сырт қарасаңыз, қоғамда бəрі жүйелі орындалып жатқан тəрізді. Жасалған жұмысты ақпарат құралдары жарыса жазып, теледидардан көрсетіп жатады. Бірақ, нəтиже төмен. Оған жасөспірімдер ортасындағы аталған қатыгездіктердің орын алуы дəлел болып тұр. Оқушы ұлдар мектепте бірін-бірі зорлап, бірін-бірі тепкілеп соққыға жығып, қажет болса мұғалімге қол жұмсап, балағат сөздер айтып, нашақорлықпен айналысып жатса, қаракөз қыздар жартылай жалаңаш жүріп, шылым шегу, ерте жастан жүкті болу, үлкенді сыйламау, ал əскерде өздерімен бірге сапта тұрған өзіндей жас жігіттерге қатыгездік жасау, өлтіру секілді сорақы əрекеттер əдетке айналып барады. Жасөспірімдер қоғамдық орындарда балағат сөздің үлкендер естімеген неше шұрайын айтып, ерсі қылықтар жасап жүретініне бұқара куə. Содан кейін жұмыс нəтижелі деп айтуға бола ма?!

 

...Халық арасында «баланы мектеп, қоғам тəрбиелеу керек» деген түсінік бар. Дұрысында, тəрбиенің негізін отбасында қалап беруіміз керек. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бекер айтылмаған. Қазақта отбасының əр мүшесінің өзіндік тəрбиелік орны болған. Ата, əже, əке, ана өз орындары мен міндеттерін білген. Əке – жанұяның тірегі, басшысы, қамқоршысы, ұлдың тəрбиешісі, ал қыздың тəрбиесі анаға жүктелген. Соған қарамастан, қазір көптеген əкелердің жанұядағы мəселені шешуші позициясын жұбайларының арқалап жүргені ащы да болса шындық. Қаншама ата-ана баласынан жəбір көріп отыр. Кейбір балалар ата-анасын тыңдамайды. Жанұялық мəселені анасы шешетінін көріп өскен бала, əсіресе ұл бала əкеден ығысу түгілі, онымен ақылдасқысы да келмейді. Əйел тəрбиелеген жасөспірімнің басым бөлігі өзімшіл, ер-азаматқа тəн қасиеті осал, ортасына қарамай аузына келген сөзді тіке айта салатын, шамшыл, анасының сөзін бірде тыңдаса, бірде тыңдамайтын, пікірімен бірде санасса, бірде санаспайтын адам болып өседі. Ал, əке тəрбиесімен өскен бала ер мінезді, талантты, адам ақылын тыңдай да сараптай білетін, өздігінен нақты шешім қабылдай алатын азамат болады. Əрине, оның бəрі əкенің өзіне де тікелей байланысты. Əкенің қаhары болуы керек. Əрине, қаhарлылық ұрып-соғып тəрбиелеу емес екенін біздің педагогтар, психологтар жақсы түсінеді. Жастар тəрбиесіне қоғамдағы орта əсер етпей қоймайды. Балалар түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге қатысады. Бос кезде əлеуметтік желіде отырып, бейтаныс адамдармен танысады. Əртүрлі алаяқтық ойындарға арбалып қалатыны да содан. Мұның барлығы баланың санасына кері əсер етіп, қатыгездікке тəрбиелеуі əбден мүмкін. Сондықтан, спорттық секциялардың сабақ жоспарлары, жалпы жастар жиналатын орындарды мемлекеттік органдар қадағаласа артық болмайды. Ұлға ерлік қасиетті қоғамдық үйірмелер арқылы еме с, əскер қатарында қалыптастыру қажет. Ол үшін əскери дайындық екі жылдан төмен болмауы керек. Бір жылда адамға батылдық қалыптастырып, əскери тəжірибе беру мүмкін емес. Əскерде болу – ер адамға міндет, абырой жəне өмірдің қиындығы мен жеңіл тұстарын айыруға үйрететін орын.

 

...Облыста жасөспірімдер арасында жыл басынан бері жасалған қылмыс саны былтырғы осы кездегі көрсеткіштен өскені байқалады. Оның басым бөлігі кəмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған. Облыстық полиция департаментіне күні бүгінге дейін жағымсыз қылықпен көзге түскен 140 жасөспірімнің 112-і тізімдік, 28-і – профилактикалық есепте тұрғандар. Сонымен қатар, есепте 160 «жайсыз» отбасы бар. Полиция тарапынан өткізілген «Түнгі қаладағы бала», «Жасөспірім», «Жанұя жəне бала», т.б. көптеген профилактикалық іс-шаралар арқылы түнде бейсеует жүрген 1205 бала анықталып, бала тəрбиесінен алшақтаған 59 ата-ана əкімшілік жазаға тартылған, 4 адамның ата-аналық құқы шектеліп, бір адам құқынан толық айырылған. Мінез-құлқы ауыр 4 бала арнаулы интернатқа тапсырылған. Бұл жұмыстар ішкі істер органдары арқылы жоспарлы түрде жалғасып келеді.

 

...Жасөспірімдермен тəрбиелік жұмыстарда кедергі болатын жəне республика деңгейінде шешілуі тиісті біраз мəселелер бар. Мысалы, 2020 жылы сəуірде «Бала құқықтары», «Білім туралы» заңдарына «буллинг» ұғымы енгізілді. Бұл ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Ол – агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды, əрі бұл əрекетін жиі қайталауы мүмкін. Осындай əрекеттер барлық жастағы балалардың ортасында орын алуда. Соның кесірінен зардап шегушінің денсаулығы мен психикалық саулығы нашарлап, өзіне деген сенімінен айырылады, өзінен жиіркенеді. Оның соңы өзіне қол жұмсауға дейін апаруы мүмкін. Ата-аналардың біразы мұны балалық тентектікке теңейді. Ол əрекетті жасаған бала қылмыстық жауапкершілікке тарту жасына жетпеген болса, ата-анасы тек қана əкімшілік айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл – жеңіл шара. Сондықтан, «буллинг» жазасын қылмыстық кодекске де енгізген дұрыс. Білім министрлігінің ведомстволық ережесі бойынша қылмыс жасаған балалар сол министрлікке қарасты «Кəмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» қабылданбайды. Қылмысын қайталап ұсталған кейбір балалардың ата-аналары өз перзентін үйге қабылдаудан бас тартады. Сондай жағдайда жастары кəмелетке жетпегендерді уақытша орналастыру орны анықталмаған. Ал, көшеден ұсталған мінез-құлқы ауыр балаларды сот үкімі күшіне енгенге дейін орталыққа орналастыру қарастырылған. Бірақ, орталық қызметкерлері тек əйел адамдар болуы себебінен тəрбиеленушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында келген баланың жанына тəуліктік кезекшілікке полиция қызметкерлері қойылғаны жөн. Бастауыш мектептерге бекітілген полиция қызметкерлері жəне аталған орталық қызметкерлері арасында да ер адамдардың болғаны дұрыс. Сондықтан, жасөспірімдер тəрбиесі туралы заңдарға сараптама жасалып, тиісті шаралар алынуы қажет. Жастар – ел болашағы. Егер болашағымыз жарқын, азаматтар толық қауіпсіздікте болсын десек, бүгінгі жасөспірімдердің тəрбиесіне айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл – шешімін шұғыл күткен мəселе.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости