Ауған соғысының ардагері, заңгер Толыбай Шәкіровтің пікірінше, алаңдауға негіз жоқ.
«Мен де қазақстандық ретінде алаңдаушылық білдіргенім рас, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Алайда, ресми ақпараттан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдемесін оқып, көңілім орныққандай болды. –Бұл келісімге қол қойылмады. Оған қол қойылса ғана күшіне енеді. Сондай-ақ, былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Қазақстан көшелерінде қытайлар көп жүрген жоқ. Енді 14 күнге келетін азаматтар 30 күнге келе алады. Келісім Қазақстанға да тиімді болмақ. Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы Қытайға 30 күнге визасыз бара алады, – деп түсіндірген екен. Иә, визасыз режим аясында туристік әрі іскерлік сапарлардың саны артуы мүмкін. Сондай-ақ, Аспан асты еліне дертіне дауа іздеп барушы науқастар үшін де пайдасы тиеді деп есептеймін. Заңгер ретінде екі ел арасындағы тақырыпты зерттей отырып, бұл келісімнің біздің елге тиімді жағы бар екенін түсіндім. Біріншіден, мұндай байланыс сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді. Екіншіден, сол елдегі қандастарымыздың тарихи отанына оралуға мүмкін болады. Мәселен, Атыраудың өзінде Қытайдан келіп оқитын қаншама қазақ студент бар?! Жалпы, қытайлықтардың біздің елге визасыз келуінің де заңды талаптары бар. Шекара қызметкерлері шекарадан өткен шетелдіктің мәліметтерін бірден ІІМ ақпараттық жүйесіне хабарлайды. Қай елден келсе де Қазақстанның заңына бағынып, шетелдіктер ішкі істер министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауында болады. Сондықтан екі ел визасыз режимге келіспей тұрып, қауіпсіздік меморандумдарына қол қояды. Сол арқылы келеңсіздіктің алдын алуға мүмкін болады».
Расымен де, бәрімізге белгілі, Қытай мемлекеті тауар өндіру бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Күнделікті тұрмысқа пайдаланатын заттар арзан бағамен сатылып, басқа елдерге экспортталады.
– Қытай еліне бір кіріп шыққанның өзінде еліміздің азаматтары басқа елдермен салыстырғанда арзан тауарлар ала алады. Қытайда Америка, Еуропа нарығына көптеген тауарлар өндіріледі. Ол жерлерде жұмыс күші де арзан. Өйткені тауардың өзіндік құны төмен болғандықтан сол жақтан тауар алдыра алады. Шекаралас мемлекет болғандықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тауар айналымының дамып, экономикалық тұрғыдан өрістеуіне үлес қосады деп ойлаймын. Көршілес Ресеу елімен де арамызда визасыз режим енгізілген. Мұны бәріміз көріп, біліп жүрміз. Бүгінгі таңда мыңдаған азамат жеке кәсіптерін де дөңгелетіп отыр. Сол арқылы тауарын экспорттап, импорттау қажет. Егер, екі елдің азаматтары сауда айналыма үлес қосатын болса, салықтық төлемдер өсуі мүмкін. Бұл шешім дамуды көздеген шешім болды деп есептеймін. Бұл шешімнен ешқандай саяси астар көріп тұрған жоқпын, - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Еламан Айболдинов.