RSS лента

Тоқаев: менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті

  • 18.05.2023, 10:27,
  • 513
  • 0
  • Автор:
Автор фото: aqorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Turantimes.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінен:


- Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан бидай және ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді.


- Жыл сайын 5 миллион тоннадан көп астық және 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Жуырда біз Қытайға 1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Бірақ, мұнымен шектелмейміз. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады.


- Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе (113 мың тоннадан 405 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 2 есе (50 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін) көбейді.


- Қазір еліміздегі жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі – 4,5 пайыз. Оны 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұр.


- Тұрғысын өзенінде екінші және үшінші су электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылмақ. Сондай-ақ, 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасын салу туралы келісім-шарт жасалады. Бұл уағдаластықтар Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін.


- Біз KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз.


- Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды.


- Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Cherry, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда.


- Біздің еліміз Қытайдың «Бір белдеу – Бір жол» бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі болып отыр. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алады.


- Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады.


- Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.


- Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.


- Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады.


- Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз.


- Жаңа туристік бағыттар ашып отырамыз. Қазір Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілді. Сондай-ақ, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді.


- Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.


- Жалпы, біздің елдегі инвестициялық ахуал өте жақсы. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости