Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.
Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.
Келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өтеміз. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.