Бүгінде Қытай елі мұнайлы өлкенің «қара алтыны» мен көмірсутегін, мұнай коксы мен битумын, газын тұрақты тұтынып отыр. Есесіне, біздің үстіміздегі жейдеден бастап, асымызға пайдаланып отырған кесе, ыдысымыз – аспанасты елінің тауарлары. Яғни, қазақстандық экономиканы қытайлық өнімсіз елестету мүмкін емес. Кеден статистикасының мәліметтеріне сәйкес, Атырау облысы мен аспанасты елі арасындағы сыртқы сауда айналымы қаңтар-наурыз аралығында 455,7 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 115 пайызға артық. Оның ішінде экспорт – 434,9 млн. АҚШ доллары, импорт – 20,8 млн. АҚШ долларына жеткен. Аз көрсеткіш емес. Негізі, Қытаймен визасыз режим бұрын да болған. Өткен жылдың маусым айынан бері көрші елдің азаматтары 14 күн Қазақстанда визасыз жүріп-тұруына мүмкіндік алды. Енді ол отыз күнге дейін ұзартылмақ. Қазірдің өзінде Атырау облысында қытай капиталының қатысуымен 43 кәсіпорын тіркелген. Сондай-ақ, еліміздегі ірі жоба – полипропилен шығаратын «КРІ» зауытында аспанасты елінің үлесі бар. Бұрын-соңды болмаған алып жобаға инвестиция жұмсап, ілеспе газдан көптеген тауар түріне шикізат көзі болатын полипропилен өндіру экономикамызға айтарлықтай оң әсер етері ақиқат.
Қоғам белсендісі Алмас Алтай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «визасыз отыз күннің» тиімділігін былайша білдіреді:
«Қара қытай қаптайтын болса жылға жуықтап қалыпты ғой, Астанадан босып жүрген қытай көрмеппін өз басым. Қытай – қашаннан өз қазанында қайнап келе жатқан мемлекет қой. Орта Азияға қорқау көздерімен ашқарақтанып қарап отырған Қытай жоқ, «жер кеңітіп, ел басып алсам» деген амбициясын да байқаған емеспіз. Ұзақ мерзімді дипломатиялық қарым-қатынасты алға шығарған ел. Біз қорықсақ, импершіл көзқарасымен жан-жағын обадай жайпап отырған орыстан қорқуымыз керек еді. Соңғы он жылдың өзінде қанша майдан ашты бұлар? Қазақ бизнесмені үшін, Қытаймен сауда қылып отырған достарым үшін мынау визасыздық деген ақжолтай жаңалық болды. Қытайдың өзі арзан, өзі сапалы тауарын жеткізу жеделдейтін болса неге ренжиміз?».
Иә, бұл пікірдің жаны бар. Өйткені, «жақсылықты үйретіп, жамандықтан жирену» үшін де ең алдымен таным көкжиегін кеңейту қажет.
Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD Райхан Мұғауинаның пікірінше, визасыз режим енгізу шешімі елімізде кенжелеп қалған туризм саласына инвестиция тартуға оңтайлы болмақ. Оның үстіне бұрын қытайлықтар Қазақстанға сапарын бірнеше ай бұрын жоспарлауы тиіс еді. Енді олар Швейцариядан кем түспейтін кең байтақ қазақ даласының керемет орындарын тамашалауға бас-аяғы бір аптада-ақ әзірлене алады.
– Жасыратыны жоқ, қытайлық туристердің табыс деңгейі жоғары. Орташа есеппен алғанда бір орта таптағы қытайлық Қазақстанда бір тәулікте 400-500 АҚШ долларын жұмсайды екен. Негізінен, үш-төрт күндік турлар сұранысқа ие. Бұған дейін де айтылып жүргендей, елімізге туристерді көптеп тарту үшін бізде ақсап тұрған қызмет көрсету сапасын арттырып, жаңа туристік ұсыныстарды іздеу қажет. Оның үстіне, аспанасты елі технологиялық дамуымыздың көзі болуы ықтимал. Теориялық тұрғыдан алсақ, визасыз режимге көшу қос мемлекет арасындағы кәсіпкерліктің кең өріс жаюына ықпал етері айқын. Ал, ол дегеніңіз елдегі бизнесті дамытуға оң септігін тигізбек,-дейді ол.
Экономист Қуаныш Жайықов бұл бастаманың қытайлық инвесторлардың күрт артуына себепші болатынына күмәні бар. «Әсіресе, экспорт пен импортта ауыз толтырып айтарлықтай келісімдер бола қоймайды» деген пікірде.
– Қытай – бізден бай мемлекет. Жалпы, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің ресми көрсеткіштері бойынша ғана емес, жалақы, кіріс жағынан да әлдеқайда жақсы бізден. Оларда өсіп келе жатқан арнайы орта қалыптасқан. Өйткені, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дұрыс тамақтана бастаған, шетелге көбірек шыға бастаған. Міне, осы жағынан біз өзіміздің ауыл шаруашылығы мен туризмді ұсына аламыз. Олар жекелеген салаға өзгерістер әкеледі, өңірлерді жандандырады. Мәселен, жаһандық көзқарас бойынша біз шикізат ұсына аламыз. Бірақ, Қытай біздің елдің шикізаты мен мұнай-газына тәуелді деп ойламаймын. Қытай экономикасы түрлі тауарды толыққанды өндіріп отыр. Бұрын жартылай фабрикаттар болса, қазір Қытай техника, электротехника, тұрмыстық техника секілді басқа да көптеген тұтыну тауарын жасайды. Осы жағынан алғанда Қытайдың бізге берері бар. Оның үстіне, бәсекелестіктің арқасында технологияның бағасы түсіп, сапасы жақсара бастайды. Бұрынғыдай Батыс Еуропа, АҚШ секілді елдерге тәуелді болмаймыз. Сонымен қатар бизнесті қалай жүргізу керегін үйреніп, тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік жасалады, - дейді ол.
Енді қазақстандықтар Қытайда, ал ҚХР азаматтары Қазақстанда визасыз бола алады, шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен және 180 күндік кезеңде 90 күннен аспайтын мерзімде бола алады. Егер осы елдердің бірінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағында көзделген мерзімнен ұзағырақ қалуға ниет білдірсе, онда олар мемлекет аумағына кіргенге дейін тиісті визаға жүгінуге тиіс.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ЖАРАМДЫ ЖОЛ ЖҮРУ ҚҰЖАТТАРЫ:
- ҚР азаматының төлқұжаты;
- ҚР аумағына қайту туралы куәлік.
ҚЫТАЙ АЗАМАТТАРЫ ҮШІН:
- ҚХР азаматының жартылай қызметтік төлқұжаты;
- ҚХР азаматының төлқұжаты;
- уақытша жол жүру құжаты.