RSS лента

Ұлттық тәрбие ұмытылып барады...

  • 25.10.2023, 00:39,
  • 443
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Білім беру және мемлекеттік қызмет салаларының ардагері Злиха Дүйсекенованың айтуынша, әрбір ұлттың ғасырлар бойы атадан балаға ауысып келе жатқан адамгершілік қағидаттары бар, бұл дегеніміз – ұлттық құндылықтар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Халқымыз ұлын нарға, қызын арға балап, татулықты абысындар арасынан тапқан, жігіттің бойынан елге қорған боларлық батырлық қасиетті іздеген, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған. Менің ойымша, сол құндылықтардың арқасында біз өзіміздің халықтық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Мен әлемдегі бар ұлттармен тең жағдайда, ұялмай қазақ ұлтының ұрпағы екенімді үнемі мақтан етемін. Жасыратыны жоқ, қазіргі мектептердегі білім беруде тәрбие мәселесіне аз мән беріледі. Өзім педагог болғандықтан, соңғы кездері осы жайттарға назар аударып, зерделеп жүрмін. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз! Меніңше, негізінде отбасы тәрбиесіне мектептің қолы тимейді. Технология, жаңғыру деп, еуропалық тәрбиеге кеткендіктен, отбасылық тәрбиеге уақытымыздың тапшы болып жатқаны рас.

 

Бала кезімізде бізді ата-әжелеріміз, әкелеріміз «ұлтың – қазақ» деп тәрбиеледі. Себебі олардың бойында алдыңғы аталардан мұра болып қалған аманат болды. Олар оны зор жауапкершілікпен түсініп, балаларына өздерін үлгі етіп көрсетті. Біздің қатарластар қазақ деген ұлттың ұрпағы екенімізді білеміз, мойындаймыз. Бірақ оны әрі қарай насихаттауды өзімізден бастамай жатқанымыз өкінішті.

 

Мемлекеттің әлеуметтік қуаты, мәдениеті, экономикасының деңгейі, рухани әлеуеті тұтастай ұлттық болмысты сипаттайды. Сондықтан, елдік сана мен ұлттық мүддені жоғары қоюымыз керек. Жаңа заман, яғни жаңа болмыс – білімді, ұлтын сүйетін тұлғалар қалыптастыратын ішкі және сыртқы болмыс – мемлекеттік, елдік принципке тәуелді. Осы тұста Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген данышпандығын айтып өткен жөн. Біздің бүгінгі болмысымыз, ертеңгі мақсатымыз – әлеуеті жоғары, руханияты кемел, жастары білімді, ғылымы ілгері, технологиясы дамыған, ең бастысы ұлттық мемлекетті жасау. Жалпы, жаңа бол м ы с т ы қалыптастыруда білім мен ғылымның, мемлекеттік тілдің маңызы зор. Мен ұлтымыздың жаңа болмысы ең алдымен іскерлікке, өзара адалдыққа және қоғамдағы әділеттілікке негізделуі керек деп есептеймін. Іскерлік дейтініміз, әлем қазір мың құбылып тұр, талай кәсіп пен қызмет түрлері қысқарып, жаңалары пайда болуда. Осындай өзгерістер алдында халқымыз өз ішінде бір-біріне адал болып, қоғамдық тепе-теңдікті тура ұстап, әділ, іскер болуға ұмтылады. Жастарға өмірде кездесетін «отбасын құру», «сауатты тамақтану», «қаржылық сауаттылық», «өзіңе сенімділік», «адамдармен тіл табысу», «проблемаларға мойымай, оны шеше білу», басқа да мәселелер бойынша ел ішінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылса, ұлтымыздың уақыт талабына сай болмысын қалыптастыру жолындағы игі іс болар еді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлының: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды жəне қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың əлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» деуі де тектен текке айтылмаған ғой. Жаңа болмыс кітапқа суретін салып, жүзеге асыра салатын дүние емес. Бұған қатысты айтпағым – біз бір елміз, ал бір елде бір тілек, бір жүрек болуы керек.

 

Қол жеткен жетістіктердің барлығы да мазмұны терең, тағылымы мол дағдылардан байқалады. Мәселен, қонақжайлылық, отбасы тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы және басқалары. Мұның барлығы – біздің ата-бабамыздың аманаты, мұрасы. Дағды – икемділік, әдет. Ол әр отбасының ерекшелігімен, ұлтының дәстүрімен қалыптасады. Дағды қайталанатын іс-әрекетке икемделеді, бара-бара әдетке айналады. Алғашқыда саналы, ыждағаттықпен орындауды қажет ететін іс-әрекетті қайталап жаттығу арқылы күнделікті әдетке енеді, автоматтандырылады. Осылай даму шегіне жетеді. Ыңғайлы болды, икемделеміз, жалғастырамыз. Дағдыны ұлттық, адамгершілік және тұрмыстық деп үш бағытқа бөліп қарауға болады. Ұлттық дағдылар – қонақ күтуден бастап, бүкіл салт-дәстүр, құндылықтар аясында жүргізілетін әрекеттер. Заман ағымына қарай қай дағды да жаңғырып отырады. Дағды адам өмірінің алғашқы айынан беріле бастайды. Мәселен, баланы бесікке бөлегенде бесік жырын айтпаса бірден ұйықтамайды, ұзақ жылайды. Себебі, бір рет анасының әлдиін естіген бала солай дағдыланады. Соңғы кезде біз еріншек болып барамыз, жаңа туған баланы ұялы телефондағы әуендермен ұйықтататын әдетке көштік. Көңілін табу үшін оны сәби шақтан телефонға қызықтырамыз. Жаңа туған нәресте де солай дағдылана бастайды. Балаға ананың дауысы жақын ба, әлде телефон жақын ба? Қайсысы ұлттық тәрбиенің бастауы? Туғаннан бастап телефонмен тәрбиелеу оған берілетін отбасылық ұлттық дағдыны өзгертеді. Келесі мәселе – мал сою. Қазір ешкім аулада мал соймайды. Малдың сүйегін тану және оны танып, табақ тартқандағы сүйекті тарату дағдыларын кері жаңғырту. Қазір бұл ұмытылып бара жатыр. Қонаққа табақ тарту, ет мүшелеу, қонаққа ұсыну әдебі. Сонымен қатар, келген қонақтың қолына су құю да қалыс қалып барады. Қонақ қолды өзі жуып келу керек пе, әлде оларға қолға су құйған жөн бе? Қолға су құюдың да өзіндік тәртібі мен әдебі бар. Қазір үлкендердің өзі «қолымызды өзіміз жуа салайық» деп, қолға су құюға талаптанып тұрған баланың құлшынысын басады. Ал, адамгершілік дағдыларға отбасында бір-біріне құрмет көрсету, үлкенді сыйлау, амандасу, ересек баланың өзінен кейінгі бауырларын қамқорлыққа алуы, бір-біріне аяушылық танытуы жатады. Дағдының бұл түрінде әрі қарай дамытатын нәрсе – отбасымен көбірек уақыт өткізу, серуендеу. Қазір осы дағдыны жалғастырған жөн. Себебі, осы арқылы бірін-бірі тану мүмкіндігі артады, ұрпақтың есінде қызықты оқиғалар мен естелік суреттер қалады. Балалар арасындығы өшпенділік, қатыгездік, бірін-бірі сыйламау деген мәселелерге адамгершілік дағдылар көмекке келуі керек. Тұрмыстық дағдылар – адамның өзіне қажетті үйін таза ұстау, тұрмысты білу. Ана болуға, әке болуға моральдік тұрғыда дайындалу дағдыларын санаға сіңіру де қажет. Тағы бір мысал, егер баланың әр уақыт көңілін аулап, дегенін үнемі жасап тұрсаңыз, ол өз тілегін орындауды, айтқанын жүзеге асыруды керек деп дағдыланады. Бұл дегеніміз бала жоғарғы баспалдаққа қадам басқан сайын осы дағдыларды меңгермегені үшін қиналады. Біз баланы жақсы дүниелерге дағдыландыра отырып, құндылықтарымызды үйрете беруіміз керек. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда кез-келген істе табысты болу дағдыларын дұрыс қолданып, жүзеге асырып отыру – барлық деңгейдегі ұрпақтың басты әрекеті болуы шарт. Себебі, бүгін – тозығымыздан жиреніп, озығымызды үйренетін заман. Олай болса, құндылық туралы айтпас бұрын ұлттық болмысымыз бен дағдымызды түсініп алған жөн.

 

Абай атамыз айтқан «бес дұшпан» – қоғамға емес, әрбір жекелеген адамға қатысты айтылған кемшіліктер. Бұл дертпен адамзат пайда болғаннан бері күресіп келеді. Аталған кемшіліктер кезкелген қоғамда бар. Бүгінде Абай сөзінің қай дәуірмен де үндес келетін маңыздылығын, өзектілігін ерекше сезінесің. Қазір «бес дұшпаннан» басқа, қазақ арасында кеңінен таралған тағы бір-екі қисық әдет – «құмарлық» және «қисынсыз еліктеу». Құмарлық дейтініміз, ұлт жастары жаппай құмар ойынға бет алып барады, оның арты талай трагедияға ұласып жатыр. Құмарлықтың бір көрінісі – есірткі, оның сан қилы синтетикалық түрлерін қазір өрімдей қыздар, буыны қатпаған ұлдар тұтынып, ұлт алдында қауіп төніп тұр. Еліктеу деуімізге себеп, отбасы мен адам өмірінің мәніне қатысты қазір әлемде түрлі жаңа көзқарастар пайда болған. Соған үлкен де, кіші де еліктеп жүрген жағдайымыз бар. Өзге елдің жиіркенішті дүниелерін, жат мәдениетті ұлттың қанына сіңіруден аулақ болғанымыз жөн. Әлеуметтік теңсіздік, діни күштер, жемқорлық сияқты кертартпа дүниелерге жол бермеу қажет. Кез-келгенге еліктеп, ілесе бермейік. Атам қазақ «Қажет еткенге уақыт табылады, қажет етпегенге сылтау табылады» деп – уақыт пен сылтауды, «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» деп – құт пен бақты, «Жақсыны көру басқа, бірге қуану басқа» деп – көру мен қуануды қадірлей білуді осындай терең мағыналы мақалдармен жеткізген. Мен қоғам, әр ата-ана ұрпақ тәрбиесінде тәрбиенің түсіндірілетін, үлгі болатын, шабыттандыратын үш түрін орнымен қолданып, жетілдіріп отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды – «Оқитын оқуы жеңіл болса, бала дамымайды. Алатын тәрбиесі жеңіл болса, ата-ана қуанбайды». Осының бәрін қойын дәптерімізге түртіп алып, қоржынымызға салып, миымызды қозғап, есімізде сақтап, әрі қарай қолымыздан келгенше орындауға, таратуға, дамытуға күш салсақ тәрбиеде олқылық болмас еді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости