RSS лента

Бензинмен бірге тамақ та қымбаттай ма?

  • 08.04.2023, 02:19,
  • 1 253
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: aktobeinfo.kz

Алда елде жанар-жанармай бағасы өседі деп күтілуде. Осы орайда Turantimes.kz тілшісі халықтың пікірін білген еді...

Күлян НҰРСҰЛТАНОВА, экономика ғылымдарының кандидаты:

 

– Елімізде жанар-жағармай бағасының өсетіні белгілі болды. Экономист ретінде бұл ең қажетті шара деп есептеймін. Негізінен, бұл проблеманы шешуді қазір емес, осыдан 30 жыл бұрын бастау керек еді. Сонда бұл салада жыл сайын ешқандай мәселе туындамайтын. Жасыратыны жоқ, бірқатар елдердегі жанар жағармайдағы баға бағамын Ресейдегі ахуал шешеді. Ал бізде бұл салада еркін айналым бар және де алып-сатуға ешкім де шектеу қоя алмайды. Соның салдарынан біздің арзан бензиніміз көрші мемелекеттерге кетіп жатыр. Сондықтан Ресейге қарағанда, елімізде жанар жағармайдың-дың арзан болуы да сондықтан. Қалай десек те, қазіргі елімізде мұнай өңдеп тұрған үш зауыт Қазақстанның жанар жағармайға деген сұранысын толық өтей алмай тұр. Сол себепті елімізде жаңадан мұнай өңдеу зауытын салуды 30 жыл бұрын бастап кету керек еді. Мен мұнай өндірісінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Сол 90-жылдарыдың басында-ақ жаңа зауыт салу мәселесі көтеріліп келгені әлі есімде. Алматыдағы экономика және нарықтық ресурстар институтында Одақтық Экономика комитетінің тапсырысы бойынша Мемлекеттік жоспар жасақталды. Онда еліміздің өндірістік қуатының, соның ішінде зауыттардың да жалпы схемасы болды. Міне, осы өндірістік нысандар ішінде Маңғыстау облысынан жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу да жоспарға енгізілді. Тіпті, орны дайындалып қойғаны да айтылып жүрді. Қазір ол жоба қайда, зауыт алаңының орны бар ма, болса қай жерде? Белгісіз! Әрине, бензин бағасының өсуіне халықтың көңілі толмайтыны анық. Бәрі қымбаттап жатыр, бірақ жалақы көтерілмей тұр. Десек те Үкімет бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатқанын естен шығармау керек. 2019 жылы еліміздегі ең төменгі еңбекақы 40 мың теңгеден сәл асса, қазір 70 мың теңгеге жетті. Өсім бар! Қалай десек те, қазіргідей қымбатшылық екі өкпеден қысқан заманда жанар жағармай құнын қолдан ұстап тұрудың қажеті жоқ. Тым болмаса, бұл мәселе осыдан 10-15 жыл бұрын шешімін тапқанда, мүмкін, бүгінгідей қиын ахуал орын алмас па еді?! Қайткенде де бағаға қатысты мәселені шұғыл шешпесек бұл төңіректегі түйткілдер күрделене түседі. Проблема келер жылы, одан арғы жылдары да бас көтере береді. Рас бұл бағытта атыраулық жүргізушілер өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Соның бірі – жағар жағармай қымбаттаған жағдайда транспорт құралдарына салынатын салықты алып тастау немесе азайту. Әрине, мемлекет ұсыныс-пікірлерді де аяқсыз қалдырмауы керек деп есептеймін. Бұл өз кезегінде мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізеді. Сөз соңында иағы да қайталап айтамын: бұл мәселе бүгін шешілмесе, онда жылма жыл «жырға» айналып, қайта-қайта бас қатыруымызға тура келеді. Сондықтан бензин мен дизель мәселесін енді ертеңге қалдырудың қажеті жоқ. Осылай қайталана берсе, жағдай ушыға түседі. Мен, әрине, барша қазақстандықтар секілді қарапайым халықтың қымбатшылықтан зардап шекпегенін қалаймын. Бірақ экономика сауықтыруды талап етеді. Ал оның бірден бір жолы – жанар жағармай бағасын көтеру!

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ, экономика ғылымдарының докторы:

 

– Энергетика министрлігі жуырда елімізде жанар-жағармай бағасының өсетінін мәлімдеді. Бұл шешімді азаматтар еш байбалам туғызбай, саналы түрде қабылдағаны жөн. Өйткені Қазақстандағы жанармай нарығындағы баға қайта қаралмаса, елдің экономикалық жағдайының күрт нашарлауы әбден мүмкін. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың әл-аухатына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан Үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Негізінен нарықтық экономикада баға сол кездегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қойылады. Оны мемлекет өзінің функцияларымен реттеп отырады. Алайда кейде бағаны тұрақты ұстай алмай қалатын кездер де болады. Ал бүгінгі ұстанған принцип объективті талаппен жүзеге асырылып отыр. Ендеше бұған үлкен қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Бұл өзгеріс экономиканың алға жылжуында дер кезіндегі демеу деп ойлаймын. Әрине, бағаның өзгерісі елде бастапқы кезеңде қиындықтар тудыруы мүмкін. Бірақ әрбір адам мұны экономикамыздың қарқын алып кеткенге дейінгі уақытша өзгеріс екенін түсінгені дұрыс-ақ. Егер баға өзгеріссіз қалса, онда біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз. Бұл жөнінде бұрынғы Энергетика министрі (қазір Президент кеңесшісі) Болат Ақшолақовтың сөзінде де басым айтылды. Біріншіден, елде төмен бағалар сақталып, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз. Екіншіден, басқа мемлекеттердегі баға біздегіден әлдеқайда қымбат. Осы айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді. Ал бұл бізге ешқандай нәтиже бермейді. Бұған дейін төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға ешқандай мүмкіндік бермеген болатын. Алдағы уақытта да экономикамыз «баяғы жартас – бір жартастың» кебін киіп қалмасы үшін қазір өзгерістің орын алуына алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

 

Рысты САБИРОВА, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

 

– Санаулы сәттен соң елімізде жанар-жағар май мен дизель отынының бағасы өсетін болды. Әрине, мұндай жаңалықты жұртшылық жылы қабылдай қоймасы анық. Десек те, Үкімет бұл шараны елдегі тапшылықтың алдын алу үшін жасаған қадамы екенін түсінуіміз керек. Иә, ғасыр бойы жеті қат жер астынан өндіріп отырған «қара алтын» қоры да өзге табиғи ресурстар секілді таусылатыны белгілі. Сөйтіп, жарыққа да, су да, газ да сарқылып, тапшылық пайда бола бастайды. Айталық, әлем бой түзеген Еуропа елдерінде қазір жылу мен жарық қымбат. Себебі, мыңдаған жылдар бойы адамзатты қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп тұрған табиғаттың «сыйы» азайып жатыр. Біздің елде 2025 жылға қарай газ тапшылығы болатынын сала мамандары ескерткен болатын. Газ қоры бойынша Қазақстан дүниежүзінде 22 орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында. Демек, табиғи газдың экономикада маңызы зор. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. Энергетика министрлігінің мәлметінше, былтыр дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш 5,2 млн.тоннаға жетсе де, бүгінде әлі бірқатар өңірде дизельге тапшылық байқалады. Ал, 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті қымбат импорттық отынмен жабуға мәжбүр. Мәселен, көрші елде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат. Оның үстіне, көрші елдерде баға күрт көтеріліп кеткен кезде біз дизель өндіру көлемін арттырғанымызбен, күз айларында тапшылықты қайта сезініп отырмыз. ҚР Энергетика министрлігі мәлім еткенде, бұл жағдай сақтала берсе онсыз да шетел асып отырған қазақстандық отынның көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін. Нақтырақ айтқанда, біз бүгінде мұнай өнімдерінің елден жаппай шығарылуын азайтып, ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Тағы бір атап өтер жайт, соңғы жылдары сала мамандары елдегі «қара алтын» қоры да азайып келе жатқанын ашық айтты. Қазір геологтар кен орындарынан мұнайды тереңдетіп өндіру мәселесін жиі қозғап жүр. Сондықтан, ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны өсіру қажеттіліктен туып отырғанын естен шығармағанымыз жөн.

 

Меңдібай Хайруллин, еңбек ардагері:

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен елімізде саяси реформалардың өз жалғасын табатынын аңғардық. Соның бір айғағы – биыл алғаш рет елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтетінін мәлім етті. Аталған науқан аяқталған соң еліміздің барлық аудан әкімдерінің сайлауы өтпек. Бұл сөз жоқ, Президент айтқандай, барлық билік институттарының жаңаруына жол ашатыны анық. Мұндай үрдіс еліміз егемендік алған осыған дейінгі 30 жылдың ішінде жүзеге аспап еді. Аталған саяси науқан Қазақстанның болашақта демократиялық тұрғыдан дамуына даңғыл жол ашып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте түсері белгілі. -Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын,-деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында да елімізге түбегейлі өзгерістер керек. Ол үшін Президент айтқандай, осындай батыл қадамдар жасамаса болмайды.

 

Оставить комментарий
Последние новости