Біз 19 қазан – құтқарушылар күні қарсаңында Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру жəне авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мақсот ЕСПОЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Құтқарушы десек, тек өрт сөндірушілер еске түседі. Сіздердің құзырларыңызда басқа да қызмет түрлері бар ғой…
– Иə, күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қатерлерге қарсы тұрып, батыл əрі адал қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, құтқарушы өрт сөндіріп қана қоймайды, саусақтары ісініп кетіп, сақинасын шеше алмаған əйелге, батарея мен қуыста қыстырылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды да іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын істейді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, су құбырында қалып қойған ит пен мысықты, батпаққа батқан жануарларды да алып шығады. Дегенмен, біздің сала мамандарының алдына қойған басты міндет – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
– Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Өкінген кезіңіз болды ма?
– Бұл салаға 2000 жылы келдім. Шынымды айтайын, өрт сөндіруші болсам екен деп армандаған жоқпын. Тағдыр шығар. Бірде туған інім Бақыт «қазір өрт сөндіру қызметіне адам алып жатыр екен, соған барасың ба?» деп ұсыныс айтты. Еш ойланған жоқпын, орналастым, бірден жұмысыма кірісіп кеттім, көңілімнен шықты. Адамдарға көмектесу – азаматтық борышым. Қазір өзімді басқа қызметте елестете алмаймын. Содан Астана қаласындағы №8 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлім бастығы болдым. Осы салада жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болыпты. Өмір жолымда əріптестіктен басталған таныстық достыққа ұласқан жақсы адамдармен кездесіп келемін. Кейбірі зейнеткерлікке шықса да əлі достығымыз үзілген жоқ. Рас, қиын мамандық. Жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Алайда, осы мамандықты таңдағаныма еш уақытта өкінген емеспін. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?! Ал, атқарған жұмысың үшін елдің ыстық ықыласына бөленіп, алғыс алып жатсаң оның өзі бір бақыт қой.
– Өткенге шегінсек… Ең алғашқы шақырту есіңізде ме?
– Əрине, 2000 жылдың желтоқсан айы. Дала 40 градус аяз болатын. Астана қаласындағы «Бизнес орталықтан» өрт шықты. Ол өзі үлкен ғимарат еді. Сол суықта судың өзі қатып жататын. Соған қарамастан біз оны өршітпей, уақытында сөндірдік. Есімдегі алғашқы өрттердің бірі осы болатын. Ал, Атырауға келген жылдары, 2018 жылы болуы керек, облыс орталығындағы «Ақ Жайық» қонақ үйінің өртенуі есімде қалды. Өрт сөндіру жұмысы ұзақ уақыт алды.
– Өрт неден шығады?
– Қазақта «өрт – тілсіз жау» деп жатады. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Жер үй болсын, көп қабатты тұрғын үй не басқа да ғимарат болсын, бəрі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан шығады. Адамдар темекі шегіп ұйықтап қалады. Жылыту маусымы кезеңінде жылыту пештерін дұрыс қолданбау, сақтық шараларын ескермеу, тағы басқа. Соңғы кездері автокөліктердің жануы көбейіп кетті. Техникалық ережелерді сақтамай, машиналардың ролін ауыстырып жатады. Міне, осындай салғырттықтың салдарынан өкінішті жағдайлар орын алады.
– Қазір өрт сөндіруге қатысасыз ба?
– Иə, əрине, қатысамын. Үлкен өрт оқиғасы орын алған кезде бəріміз толықтай қатысамыз. Өрт сөндіру бөлімдерінің бастықтары, басқарма басшылары толықтай қатысады. Бірақ, бізде қазір ондай үлкен өрттер орын алып жүрген жоқ.
– Оттан қорқасыз ба?
– Кез-келген адамда қорқыныш сезімі болады, ол қалыпты жағдай. Бірақ, өрттен, оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім ғой…Жаңа жұмысқа келген кезім болатын. Сол 2000 жылдары бөлімше командирі, қарауыл бастығы болып қызмет етіп жүрдім. Жалпы, тұрғын үй секторларында өрт болған жағдайда газ баллонының жарылу қаупі туындайды. Сол кезде қасымызда жүрген жас жігіттерді тысқа шығарып, баллондарды өзім шығаратынмын.
– Өрт сөндіру кезінде қандай кедергілер кездеседі?
– Кедергілер жоқ емес. Сол үйлердің тұрғындары кедергі жасап жатады. Енді оларды да түсінуге болады. Сонымен қатар, жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған жағдайлар жиі кездеседі. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол беретін көлік иелері де көп болмай тұр. Сондай кездерде «Сусыз келді, суы аз болды» деп айып тағып жататындары тағы бар. Ондай жағдай мүлде болмайды. Өрт сөндірушілер таңертең ауысым қабылдаған кезде, ең алдымен, сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. 1 өрт сөндіру автокөлігі 2 оқпанмен жұмыс жасаса, 8 тонна су 5 минутта-ақ бітіп қалады. Сол маңдағы өрт сөндіру гидранттарына жалғанып, сөндіру жұмыстары жалғасады. Соны халық түсінбей жатады.
– Өрт сөндірушілердің жұмыс күні неден басталады?
– Жаңа жоғарыда айтқанымдай, автокөліктің сумен жабдықтауын тексереді, өрт сөндіру бөлімінің бастығы жиын өткізіп, сапқа тұрғызып, тексеріп, өрт сөндіру құралдарының дайындығы, тыныс-алу жолдарын қорғану аппараттарын тексеріп, қабылдап, тапсырады. Əр қызметкер, яғни бөлімше командирі, қарауыл бастығы, өрт сөндіруші, жүргізуші өзіне жүктелген міндеттерін мүлтіксіз орындайды.
– Аптасына шамамен, қанша өрт болады?
– Мəселен, жылыту маусымы кезеңі, аптап ыстықтағы өрт қауіпсіздігі, аңшылық кезеңдері сияқты өрт шығуы жоғары уақыттар болады. Өрттер де соған байланысты орын алып жатады. Кейде облыс бойынша аптасына 10-нан астам өрт болып жатса, қауіпті кезеңде 1 тəулік ішінде 3-4 өрт оқиғасы тіркеледі. Облыс көлемі тым үлкен емес, халық саны да аз, сондықтан өзге өңірлермен салыстырғанда «аз» деп есептеледі. Қазір Атырау қаласының өзінде 8 өрт сөндіру бөлімі болуы керек. Бірақ, қаламызда 4 өрт сөндіру бөлімі жұмыс жасайды. Осыдан-ақ, өрт сөндірушілерге салмақ көп түсіп жатқанын түсінуге болады.
– Қандай өртті сөндірген қиын?
– Барлық өрт қауіпті. Біздің өрт сөндірушілер шақырту түскенде қандай өртке бара жатқанын, алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондай, қауіп күнде болады. Жаңа айтқанымдай, газ баллондары болуы мүмкін, газ қондырғысын орнатқан автокөліктердің жануы аса қауіпті болып есептеледі. Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мəселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар, қатты қызғаннан жарылып, қауіп тудырады. Көп қабатты тұрғын үйде өрт шықса, оған жылдам жету қияметқайым. Біздің жұмыста минут емес, əр секунд қымбат. Жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін кейде машинаны қою мүмкін болмай жатады. Мұндайда полицейлердің көмегіне жүгінеміз.
– Әңгіме соңында өрт сөндіру кезінде есіңізде қалған естелікпен бөліссеңіз?
– Айта кетсем, осы салаға 2000 жылы мамыр айында келдім. Содан 2010 жылға дейінгі уақытта ТЖМ-де төтенше жағдайлардың алдын алу, кадр саясаты департаменттерінде қызмет атқардым. 2008 жылдан бастап өрт сөндіру құтқару спорты спортшыларының бапкері болып келдім. 2012-2014 ұлттық құрама команданың бапкері, кейін бас бапкер болдым. 15-ке жуық мемлекеттің командалары қатысқан өрт құтқару спортынан бақ сынасқан додада Қазақстан Республикасы екі рет əлем чемпионы атанды. Қазақстан өрт құтқару спортының 1 бапкері болып саналамын. Міне осындай жақсы естеліктер жадымда қалып отыр.