RSS лента

Қазақстан кинотеатрларында «Мұқағали» фильмі көрсетілуде...

  • 25.10.2021, 23:24,
  • 671
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

«Қазақфильм» киностудиясында белгілі кинорежиссер Б.Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі республикамыздың барлық кинотеатрларында көрсетілуде, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осыған орай, біз белгілі өлкетанушы, академик Өтепберген Әлімгерейұлының пікірін білген едік...

 

«Ел болғасын ер туғызбай тұрмайды, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – Сол ерлер арқылы мақтанады. Тұлғамыз деп төбесі көкке жетеді. Ондай жандар бұрындары болған, бүгінде де бола береді. Өйткені, ол – ел. Сондай ел есінде жүрер ерен ұлдың бірі – қазақ поэзиясының ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары жарқырап көрініп, жақсы жырымен туған халқын тəнті еткен ірі ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Оның ерекшелігі халықтық поэзияның өңін өзгертпей қара өлең ұйқасында мөлдір жырларды тайтұяқтай тамаша қалыпта құя салатын кереметтігінде. Мұқағали өлеңдерін оқығанда санаға салмақ түспейді, патшайының үстіне жібек жіппен өрнек салып, əдіптегендей əдемі өрім тізіледі. Бірақ, ұлылар екінші өмірінде ұзақ жасағанмен, тірісіндегі ғұмыры тіптен қысқа болады емес пе? Мұқағали да солай, баржоғы 46 жыл өмір сүріп, артына өшпестей өнегелі із қалдырды. Аз ғұмырында Мұқаң Қазақстанның барлық облыстарында болып жүрсе де Алтын Орда дəуірін бастан өткерген сары айшықты мешіт Сарайшықтың орнын көремін деп Атырауға бір-ақ рет келген екен. Содан туған өрелі өлеңінің екі шумағы ғана осы өлкеге арналыпты.

 

Бір ғажабы, сол ақынның кинодағы мұңды да сазды бейнесін Махамбет атындағы Атырау драма театрының артисі Асыланбек Жанбалаев ойнап, əдемі кино жасады, жұрт тəнті болды. Көрерменін ойлантып, мың сан шытырманымен шырмайтын « М ұ қ а ғ а л и » к и н о с ы б ұ л күнде Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілуде. «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген жаңа лентаның сценариін жазған белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек болса, режиссері Болат Қалымбетов. Оның айтуынша, бұл фильмді түсіру үшін ол он үш жыл дайындалған. Ақыры он төртінші жылы сəті түсіп, айтулы ақын образын экранға шығаруға мүмкіндік алды.

 

Дүниеге келген əр пенденің маңдайына жазылған түрліше тағдыры бар. Оны кешіп өтіп, аз ба, көп пе, өмір сүру жер басқан жанның талайғы міндеті. Мұқағали да солай, əкесі соғыстан оралмады. Əжесінің бауырында өсті, шеше тəрбиесін көрді. Бірақ, елде əкесіз өскен жалғыз бұл емес, көбі солай. Əйтсе де солардың бəрі қиын жылдардың құрсаусыз тауқыметін арқалай жүріп, жеңіс сағатын жақындатты. Көкіректегі соғыс салқыны көмейден жыр боп ақтарылды. Дегенмен ақындықтың ғажабы мен азабы мол екен. Маңдайдан тұщы емес, ащы тер шықты. Қой баққан жоқ, ой бақты. Ұстаз болып балалар алдына келді. Алайда ақындық желік ауылда қалдырмай астанаға сүйреледі. Хан тəңірінен келген жас ақынды ыза-шуы мол адуынды Алматы аялап алақанына сала алмады. Қайткенде де үйлеспеді. Аз да болса, аулақтап, Мəскеудің əдебиет институтына барған. Онда байыз таппады. Пушкин көкесінің басына тəу етті. Аттың басын елге бұрды, тағы да Алматы. Қырындаған дүние Мұқағалиға бұл жолы да қабағын ашпады. Ал қаракөк аспаны қан жылап, көз моншағын үзіп тұр. Халық жауы атанып, əлі де ақталмаған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін таратқаны үшін ортаншы ұлы Айбар істі болып, қараңғыға қамалыпты. Жанындай жақсы көретін Майгүл қызы қаза тапты. Əрқашан айбары, арқадағы сүйеніші – анасы жаңа жерге үйренісе алмай ауылға қайтты. Құдай қосқан қосағы осының бəрін ақыннан көреді. Міне, осының бəрі өмірдің əр сəтін кіршіксіз тұнба күйінде қабылдайтын Мұқағалидың тілімтілім жүрегін жазылмайтындай ғып жаралады...

 

Киноның өн бойында таусылмайтын мұң бар. Оны режиссер қабағы қатулы қара түн, аспанын тұнжыраңқы бұлт торлап, нөсерлеген жаңбыр, сарғайып жер бетін басқан күз жапырақтары мен асфальт бойлап домалаған сансыз қызыл алмалар тізбегі арқылы көрсетеді. Бұның бəрі көңіл күй əсерлері. Өмірге деген, өлеңге деген сағыныш. Картинада есепсіз кадр жоқ. Тіпті ақын тұратын үй де мың құрсау, жадау, жамау, аяқ бассаң едені сықырлап, зар илейді. Ол да төсек тартып, дəрігер жылуын күткен Мұқағали сияқты айналасындағылардан жəрдем күтеді. Қабырғалары да алабажақтаған, əлем-жəлем. Ол да төсек тартып, дəрігерлерден көмек күткен сарыжамбас Мұқағали сынды айналасындағылардың аялы алақанын сағынады. Əр кадрдың өз орны, айтар сыры бар. Қоңырқай сүрет, қырынан келген тірлік. Киноның өн бойында таусылмайтын психологиялық иірімдер, мұңды əуендер бар. Былайша айтқанда, көрермен əр сəтті ойланбай өткізе алмайды, өте ауыр.

 

Тағы бір айтар жайт – кинода Мұқағали көп сөйлемейді, өлең оқып, ойға батырмайды. Ақын өміріндегі қадау-қадау қиындықтарды еске түсіру арқылы көрерменін ойландырады. Көрермен ақынмен бірге тағдыр талқысын бөліседі. Бірге қайысып, мұң кешеді. Сарғайған сағыныштар легімен бақилық сапар шегеді. Тағы да жаңбыр, сабалаған нөсер, бейне ол мұң болып сорғалап тұрғандай. Бұл – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының жас артисі Асыланбек Жанбалаевтың кинодағы алғашқы кесек туындысы. Ол осындағы аса күрделі бейнені үлкен психологиялық сарынмен сəтті ойнап шыққан.

 

Бір қарағанда, Мұқағали өмірі өлеңсүйер қауымға бұрыннан таныс, белгілі жайттар. Оны жас артист өзіндік шеберлікпен жүрекке əлі де болса жақындатып, жымдастыра түседі. Бір ғажабы, ақынды бұрыннан көрген, білген адамға кинодағы артистің – А.Жанбалаевтың жүрістұрысы, тұлға, дене бітімінің ұқсастығы ерекше əсер қалдырды. Кинода Асыланбектен басқа да Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Толғанай Бисембаева, Азиза Рысбаева, Бақытжан Қажымұқан, Раушан Мəжитова сияқты өнер шеберлері ойнайды. Олардың бəрі де адамдардың бес күндік ғұмырда тек шаттанып емес, сарғайып, мұңданып та күн кешетіндігі, сөйте жүріп, айналасына нұр шашатындығын бейнелеген. Күні кеше ғана қалың көрерменге жол тартқан жаңа туынды алдағы күндерде Таллин қаласында өтетін «А» санаттағы халықаралық кинофестивальдің ашық байқауына қатыспақ. Жерлесіміз ойнайтын бұл дүниенің аталмыш бейнеде жұлдызы жанып, биіктен көрінуіне тілектеспіз».

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости