RSS лента

Алматыға танымал теннис жұлдыздары келмек!

  • 17.07.2025, 00:30,
  • 1 078
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turantimes.kz/Суретте: Назерке Болатбек

Қазақстанда үстел теннисінен беделді  «WTT Youth Contender Almaty 2025» турнирі өтпек, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Алдағы аптада Алматыда әлемде беделді саналатын «WTT Youth Contender Almaty 2025» турнирі өтеді. 23-26 шілде аралығына жоспарланған додаға Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) рейтингтік кестелерінде көш бастап тұрған әлемдік жас спортшылар қатысады. Үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир World Table Tennis (WTT) ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.


 

Дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі ең мықты саналатын жас теннисшілер Алматыда бас қосып, «WTT Youth Contender Almaty 2025» халықаралық турнирінде бағын сынайды. Бұл турнир World Table Tennis (WTT) ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген халықаралық жасөспірімдер турнирі болғандықтан, спортшылар үшін мұнда өнер көрсету үлкен маңызға ие. Алматыдағы бұл кезең жасөспірімдер рейтингі жүйесінің бір бөлігі және ондағы көрсеткіштер жас теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орнын айқындауға ықпал етеді.

 

 

Халықаралық жарысқа әлемнің 15 елінен, оның ішінде Гонконг, Үндістан, Қытай Тайбэйі, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркіменстан және Өзбекстан сынды елдерден келген жас спортшылар қатысады. Ал Қазақстан намысын додада 86 жас теннисші қорғайды. Спортшылар 11, 13, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жас ерекшеліктері бойынша жекелей және жұптық санаттарда өнер көрсетеді. Жоғары нәтижемен көзге түскен қатысушылар бағалы жүлделермен марапатталып, халықаралық рейтингтегі дәрежелерін көтеру үшін күреседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты ерекшелігі – ол тек спорттық нәтиже тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар халықаралық жастар қауымдастығын дамыту алаңы ретінде де үлкен рөл атқарады. Мұндай беделді турнирдің Қазақстанда өтуі елімізде үстел теннисінің танымал болуына оң ықпал етіп, жас спортшылардың дами түсуіне септігін тигізбек.


 

Айта кетелік, турнирдің өтуіне Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Үстел теннисі федерациясы мұрындық болып отыр. Турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) құрған . World Table Tennis (WTT)  ұйым шеңберіндегі өткізілмек. Ол бүкіл әлем бойынша үстел теннисін дамыту, кеңінен насихаттау және коммерциялық әлеуетін арттыру бағытында жұмыс істейді. 


 

Үстел теннисінің жанкүйерлері матчтарды республикалық спорттық «QazSport» телеарнасының эфирінен тамашалай алады. Сондай-ақ әлемдік үстел теннисінің жас жұлдыздарының ойынын өз көзімен көргісі келгендер Алматы қаласы, Нұркент ықшамауданы, 14Б мекенжайы бойынша орналасқан ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешеніне келуіне болады. Кіру тегін.


 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости