Мерейлі медальді әріптесіміз, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Амандық Сағынтайұлы да кеудесіне қадады. Сондай-ақ, бұл қатарда Әбілхан Сейтімұлы, Айсұлу Қондыбаева, Қуантай Қалманов, Қуаныш Ілиясов, Қадырғали Жапаров, Сәнімгүл Толықбаева және басқалар бар. Осыған орай, «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізілген марапатты өз иелеріне салтанатты түрде табыс етті.
– Сайлау науқанында ерекше белсенділік танытқан азаматтарға партиямыздың төрағасы Азат Перуашевтің атынан алғыс айтамын. Партия президиумының шешімімен тағайындалған марапат құтты болсын! Жұдырықтай жұмылып, мемлекеттік маңызы зор жұмыстарды бірге атқара берейік. Бірлігі бекем елге ешбір жау жолай да алмайды. Сондықтан бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етейік. Кешегі алаш аңсаған азаттықтың қадірін білейік. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға жұмыстана берейік, - деді филиал төрағасы.
Төсбелгі тағып, абыройы артқан азаматтар арасынан «Ақжайық-Атырау» автопаркінің директоры Қуантай Қалманов та табылды.
– Мұндай мемлекеттік маңызы мол марапатқа алғаш рет ие болып отырмын. Теңізге тамған ташыдай болған аз ғана еңбегімді бағалап, құрмет көрсеткен «Ақ жол» партиясы мен оның жергілікті филиал ұжымына ризашылығымды білдіремін. Бұл осымен жұмыс аяқталып қалады деген сөз емес. Біз сияқты жастардың белсенділігі бәсеңдемеуі керек деп ойлаймын. Өйткені, алда атқарар жұмыс көп. Басты мақсат – халықтың мұң-мұқтажын жауапты орындарға жеткізіп, жергілікті мәселелерді шешу, - деді ол бізбен әңгімесінде.