ҚХП Төрағасы Айқын Қоңыров сайлаушыларын құттықтады.
Экзит-пол нәтижесі бойынша сайлауда 9,03 пайыз дауыс жинаған Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров әріптестерін құттықтады. Ол алдын ала жарияланған нәтижеге көңілі толатынын білдіріп, сайлауда жеткілікті дауыс жинаған және қатысқан өзге партияларға сәттілік тіледі.
«Сайлауалды науқан кезінде депутаттыққа үміткерлер үшін тең жағдай қарастырылды. Ешқандай қиыншылық пен кедергі болған жоқ. Экзит-пол нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің мол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыстарға қатысқан әріптестеріме және сайлаушыларға ризашылығымды білдіремін» деді Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров.
***
«ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлерге дауыс берген сайлаушыларға алғыс айтты.
Ол ұйымның негізінен жастардан тұратынын атап өтті. Әрі сайлауалды кезеңде басталған жұмыстың бұдан әрі де жалғасатынын жеткізді.
«Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәдесін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Экзит-пол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім Nur Otan партиясын құттықтаймын» деді Серік Сұлтанғали.
***
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан халқын сәтті өткен сайлаумен құттықтады.
«Ақ жол» партиясының төрағасы саяси ұйымды қолдаған отандастарына алғыс білдірді. Оның айтуынша, биылғы науқан қауіпті індетпен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан барлық санитарлық талапы сақтай отырып, сайлау ұйымдастырылды. Бұл тәжірибе енді алдағы уақытта кәдеге жарап, еліміздің дамуына септігін тигізеді деп сенім білдірді партия төрағасы.
«Меніңшe, біздің партияларымыз, біздің сайлаушыларымыз өздері үшін өте жақсы тәжірибе жинады. Ол тәжірибе ары қарай да еліміздің дамуына, еліміздің демократияландыруына өте пайдалы, өзекті болады деп ойлаймын. Соған сенімдіміз және де мен барша «Ақ жол» партиясына дауыс бергендерге алғыс білдіргім келеді. Біз партиямызға көрсеткен сенімді ақтауға тырысамыз» деді Азат Перуашев.
***
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев өздеріне дауыс бергендерге алғыс айтты.
«Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс және мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлер экзит-полдың алдын ала нәтижесін тыңдады. Қорытындыға сәйкес «ауылдықтарға» сайлаушылардың 5,75 пайызы дауыс берген. Ал сайлаудың нақты нәтижесін Орталық сайлау комиссиясының мамандары алдағы уақытта жариялайды. Ұйым төрағасы Әли Бектаев, «ауылдықтарды» қолдап, дауыс берген барша ел азаматтарына алғысын білдірді.
Және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық мүмкіндік жасалғанын алға тартты. «Ауыл» партиясын қолдаған, ауыл партиясына тілеулес болған барлық сайлаушыға ризашылығымызды білдіріп, басымызды игіміз келеді.
Бізді қолдаған азаматтарға, аудандық облыстық өңірлік және республикалық штабында жұмыс істеген әріптестерімізге алғыс айтқымыз келеді. Шынында көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен сабақ болды. Өте үлкен тәжірибе болды. Сайлау біздің еліміздің өркендеуі жолында жинақтаған тағы да бір жұмыс болды деп айтуымызға болады» деді Әли Бектаев.