Инвестициялық жобалар – жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі көзі әрі халықты жұмыспен қамтудың драйвері. Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін жобаларды сапалы жоспарлау, оларды даму жоспарларымен және орнықты даму мақсаттарымен байланыстыру – маңызды аспект. Сондықтан инвестициялық жобалардың ұлттық жобалар мен тұжырымдамалардың іске асырылуына уақытылы мониторинг жүргізу, салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру Министрліктің маңызды міндеті болып есептеледі. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, осы мақсатта 2024 жылы ЕХӘҚМ кадрлар қажеттілігін талдау мен болжауды, сонымен қатар жүзеге асырылып жатқан барлық жобаның тиімділігін уақытылы бақылауды көздейтін «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасын құрды.
«Сондай-ақ навигатор жұмыс орындарын құруды, салықтарды, бюджеттік төлемдерді және әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, жобалардың тиімділігін бағалайды. Бүгінгі таңда 6 салалық министрлікпен жұмыс атқарудамыз. 606 жоба туралы ақпарат алып, оларды талдап, қайталанатын жобаларды навигатордан алдық. Бұл жұмыс қолданыстағы жобаларды оңтайландырып, аналитикалық деректердің сапасын арттырады», – деді спикер.
Навигаторда 2030 жылға дейін 222 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін жалпы саны 1415 жоба туралы ақпарат қамтылған. Жобалардың жалпы құны – 76 трлн теңге.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 274 инвестициялық жоба іске қосылды, 27 198 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Іс жүзінде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, ал ағымдағы жылдың соңына дейін 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашумен тағы 427 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарда бар.