Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев мәлімдеді.
«Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Қазіргі күні бізде 2024-2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Осы жылдар аралығында облыс көлемінде 35 ірі жобаны іске асыру жоспарда бар. Нәтижесінде 4 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп ойлап отырмыз. Оның ішінде биыл жоспарға сай 14 жоба іске асырылады. Бұл жобалардың қатары әлі де толығуы әбден мүмкін. Сондықтан сіздерді аймақтың ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен құлақтандырып отыру мақсатында «Инвестициялық жобалар» айдарын іске қосуды жөн көрдім. Сондай жобаларымыздың бірі - сыйымдылығы 15 500 тонналық заманауи көкөніс сақтау қоймасы. Құрылысы өткен жылы басталған нысан жыл аяғына дейін іске қосылады. Мұнда түрлі көкөністер сақталып, маусымаралық кезеңде баға қолжетімділігі қамтамасыз етілмек және 50-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте біз жұмысқа орналасатындардың қатары осы салада еңбек өтілі бар жергілікті азаматтардан құралуын басты талап етіп қойып отырмыз. Көкөніс сақтау қоймасына Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және өзге де елдердің ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудағы озық технологияларының тәжірибесі қолданылуда» деп жазды ол өзінің фейсбук парақшасында.