2029 жылға дейін сапалы жұмыс орны 3,8 млн-ға жеткізілмек. Орта мерзімді кезеңге еңбек нарығы дамуының басым бағыттарын айқындау үшін 2023 жылы Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама арқылы сапалы жұмыс орындарының санын 2029 жылға қарай 3,8 млн-ға дейін ұлғайту көзделген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сапалы жұмыс орындарының саны 2,5 млн-ға жуық бірлікті құрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ОКҚ брифингінде осылай деді.
Оның айтуынша, сапалы жұмыс орындарын арттырудың драйвері экономиканы индустрияландыру, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуге ден қоя отырып, ұсынысты ынталандыру болып табылады. Бұл ретте, өңірлердің демографиялық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерін ескеру қажет.
Сонымен қатар Министрлік ауылдарда жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын: маусымдық қоныс аудару жолымен вахталық, маусымдық, мобильді кәсіпкерлік енгізу мәселесін қарастыруда. Бұған қоса, солтүстік макроөңірде 22,8 мың жұмыс орнын құрумен 3,6 трлн теңгеге 116 инвестициялық жоба іске асырылуда. Орталық-шығыс макроөңірде 28,1 мың жұмыс орнын құрумен 13,4 трлн теңгеге 263 жоба іске асуда.
Жыл сайын ұлттық жобалар, тұжырымдамалар, облыстарды дамыту жоспарлары және жеке бастамалар шеңберінде жұмысқа орналасу көрсеткіштерін көздейтін Өңірлік жұмыспен қамту карталары іске асырылады. Былтыр жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елде 979 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды немесе жоспардың 103%-ы орындалды. Оның 714 мыңға жуығы - тұрақты жұмыс орындары.