Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері жайлы хабардар етті. 1 шілдеде Халықты жұмыспен қамту орталықтарын еңбек мобильділігі орталықтарына трансформациялау жұмыстары басталады.
«Өңірлерде 20 орталық құрылады, олар өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жергілікті атқарушы органдар іске асыратын барлық бастамаларды үйлестіреді», - деді спикер.
Еңбек министрлігі өкілінің айтуынша, барлық ақпаратты Еңбек.кз бірыңғай интернет платформасынан алуға болады.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодексте икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тану көзделген.
«Сараптамалық бағалаулар бойынша, қазір 500 мыңнан 1 млн-ға дейін азамат интернет-платформаларда толық жұмыс немесе икемді кесте режимінде өз қызметін жүзеге асырады. Интернет-платформаларда жүргізілген мониторинг азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне аса қатыспайтынын көрсетті. Әлеуметтік кодекс аясында біз «тәуелсіз жұмыскерлер» мәртебесін бекіттік. Бұл болашақта осы азаматтардың еңбек қызметін де, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін де нақтырақ реттеуге мүмкіндік береді. Бұдан әрі қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі шеңберінде жеке салық режимін қарастыратын боламыз», - деп түсіндірді А.Сарбасов.
Қызметкерлердің дағдыларын арттыру үшін жекелеген шаралар әзірленуде.
Спикердің айтуынша, олардың 5%-ы ғана біліктілігін ұдайы арттырып отырады. Осыған байланысты Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға бағытталған «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы әзірленді.