Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 23-35 жас аралығындағы 25 мыңнан астам жұмыссыз жасқа жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы SMS хабарламалар жолдады. Атап айтқанда, жастар бір мезгілде жұмыс іздеу, тегін оқу және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары туралы хабардар етілген.
Айта кетсек, еліміздің әрбір азаматы Enbek.kz порталы, халықты жұмыспен қамту орталығы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жұмысқа орналасу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес ала алады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы енгізілген болатын. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде мемлекеттік қолдау алуға құқылы азаматтарды анықтап, оларға проактивты форматта көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, министрлік әлемде кеңінен таралған жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық реттеу мақсатында Әлеуметтік кодекс шеңберінде заңнамада еңбек қызметінің төрт жаңа режимін бекітті. Жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық реттеу мақсатында Әлеуметтік кодекс шеңберінде мынадай режимдер енгізілді:
– Бірге жұмысқа орналастыру – бір жұмыс функциясын бірлесіп орындау үшін жұмыс берушінің бірнеше (әдетте екі) жұмысшыны қабылдауы. Мысалы, дәлелді себептерге байланысты (денсаулық жағдайы, отбасылық міндеттері және басқалары) азамат күннің жартысында ғана жұмыс істей алады, бұл жағдайда жұмыс беруші екінші жартысында басқа адамды сол позицияға тарта алады. Бұл режим жасына, денсаулық жағдайына, балалардың болуына байланысты толық жұмыс күні жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ жұмыскерлердің мүдделерін қорғауға, сондай-ақ оқушыларды оқудан бос уақытында жұмыстарды орындауға тартуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жұмыс берушілер өндірістік процестің бұзылуын тудырмай, толық жұмыс кестесін сақтай алады.
– Жылжымалы жұмыс кестесі – аптаның әртүрлі күндерінде жұмыс ауысымының әртүрлі ұзақтығымен жұмыс. Жекелеген ұйымдардың ерекшелігі (сауда орталықтары, қоғамдық тамақтандыру орындары және басқалар) еңбек заңнамасында көзделген шектеулерді ескере отырып, жұмыс көлемін толық көлемде біркелкі бөлуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты жылжымалы кестені енгізу арқылы жұмыс жүктемесінің көлемін ескере отырып, жұмысты ұйымдастыру (біркелкі бөлу) қамтамасыз етіледі.
– Төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасының кезектесуі. Бұл жұмыс кестесі қызметкердің өтініші бойынша белгіленуі мүмкін, бірақ жұмыс берушінің келісімі қажет. Бұл режимді енгізу өндірістік процесті ескере отырып, қызметкерге жұмыс міндеттерін жеке және отбасылық қажеттіліктермен үйлестіруге мүмкіндік береді. Мұндай режимдегі жұмыс қызметкер үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін және еңбек саласындағы басқа да құқықтарды есептеуге шектеулер туғызбайды.
– Платформалық жұмыспен қамту – бұл негізгі және қосымша жұмыспен қамтудың рөлін атқара алатын қарқынды дамып келе жатқан икемді жұмыс форматы. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылығы – негізгі жұмыспен, жұмыс уақытының икемділігімен, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігімен үйлесу мүмкіндігі. Еңбек қатынастарының икемді нысандарын енгізу және дамыту қызметкерлер үшін қосымша табыс алуға, жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбегін олардың жеке қажеттіліктерімен (отбасы, оқыту, еңбекке уақытша жарамсыздық және т.б.) ұштастыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.