RSS лента

Декларацияға байланысты барлық сұраққа жауап берді

Автор фото: freepik.com

Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Бисен Юсубалиев табыс туралы декларациядан ешкім де айналып өте алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Биыл 1 қаңтардан бастап табыс туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруы тиіс, - дейді ол. – Бұл талап қызметін тоқтатқан тұлғаларға да ортақ. Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар емес, сондықтан олар биыл декларация тапсырмайды. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияның жеке кәсіппен айналысатын адамдарға да қатысы жоқ.

 

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда әр адамның шетелдік активтері мен жылжымайтын мүлкі көрсетіледі. Тіпті, автокөлігі де белгіленуі тиіс. Айталық, бұған шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, банктегі 3,5 миллион теңгеден артық ақша, компаниядағы үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарты, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 миллион теңге (10 000 айлық есептік көрсеткіш) көлеміндегі қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары жатады. Сондай-ақ құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа да мүлікті 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес декларацияны тапсыру мерзіміне дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей бағалау жасауы керек. Содан кейін жыл сайын тапсырылатын кірістер мен мүлік туралы декларацияда (270.00 нысан) күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер, оларды иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың көздері көрсетіледі.

 

Талапқа сәйкес мәліметтерді әр жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Декларацияны қағаз нұсқасында да, пошта арқылы немесе өздері барып тапсыруға құқы бар.

 

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Өйткені кейін активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескеріледі. Сондықтан декларацияны толтыру алдында растайтын құжаттарды дайындау керек. Ал, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша homeportal.kz, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері туралы gosreestr.kazpatent.kz, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік жөнінде egov.kz/cms/ru/services/pass077_mu сайттарынан тексере алады. Егер дебиторлық, кредиторлық берешек болса, Doculite жүйесі арқылы республикалық нотариаттық палатаға жолдау қажет.

 

Активтер мен міндеттемелер туралы табыс декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі – 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайға сай борыштар мен талаптарды ұсыну. Яғни азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі. Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылады. Шарттардың нотариалды куәландырылуы жеке тұлғаның борышы мен міндеттемелерінің мөлшерін дұрыс көрсетуді қамтамасыз етеді. Осылайша шарттар мен өзге де құжаттар бастапқы декларация берілген сәтке дейін (мерзімі 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін) нотариалды куәландырылады. Ал, банктік қарыз декларацияда көрсетілмейді.

 

Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтау көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі – отандастарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу. Елімізде оның үлесі 86 пайызға дейін өскен. Шыны керек, қазір алты жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді еркін пайдаланады. Ата-аналардың 41,4 пайызы балаларына карта ашып берген. Ал, екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерінің саны 16,9 миллионнан 19,8 миллион теңгеге дейін ұлғайған. Мемлекетішілік айналымда қолма-қол ақшаның көлемі тым аз екенін ескерсек, декларациялау кезінде әр азамат 34,5 миллион теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын сомада қолма-қол ақшаны көрсете алады. Өзге ақшалай қаражаттың болуын екінші деңгейдегі банктер растайды. Салық кодексінде көрсетілгендей, банктер салық органдарына салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Көпшілік жиі қозғап жүрген бұл талап Ата Заң нормаларына қайшы емес. Өйткені, «Банктер және банк қызметі туралы» Заң мен Салық кодексінің нормалары салық салу мақсаттары үшін банк құпиясын ашуға рұқсат етеді. Сондықтан шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет екенін назарда ұстаған жөн. Тиісті талапқа сүйенсек, мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ, жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.

 

Егер шетелде тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік компаниядағы үлестер сыйлық ретінде алынса декларациялауға жатады. Бірақ Қазақстанда тіркелген пәтер, көлік, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін көрсетудің қажеті жоқ. Тағы бір маңызды ақпаратпен бөлісе кетейін: активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар құны 3,5 миллион теңгеден асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс. Ал өз қажеттілігі үшін өсіретін немесе пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады.

 

Жеке тұлғалардың кірістеріне жүргізілетін салықтық бақылауға келсек, алдымен, автоматты камералдық бақылау арқылы әр адамның шығыстарына мониторинг жүргізіледі. Біріншіден, декларацияның болуы немесе болмауы тексеріледі. Одан соң декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады. Соңында камералдық бақылау қорытындылары бойынша заң бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

 

Декларацияны бірінші рет тапсырмағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін төлейтін айыппұлдың мөлшері – 51750 теңге. Ал толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10350 теңге көлемінде айыппұл төленеді. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200 пайыз айыппұл, қайталап бұзғаны үшін – 300 пайыз айыппұл бар.

Оставить комментарий
Последние новости
     
ЭКОНОМИКА
30.04.2416:07
Доллар вновь поднялся  
   
Все новости