RSS лента

Жалпыхалықтық декларацияның екінші кезеңі басталды

  • 31.01.2023, 04:41,
  • 413
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан басталып, бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

БҰРЫН ДЕКЛАРАЦИЯ ДЕСЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ҒАНА ҚАТЫСТЫ ТЕРМИН САНАЙТЫН ЕДІК. БИЫЛДАН БАСТАП АТАЛҒАН АТАУ СІЗГЕ ДЕ, БІЗГЕ ДЕ БӨТЕН ЕМЕС. ЕЛІМІЗДЕ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ. ЕНДІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕР МЕН БЮДЖЕТТІК ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖӘНЕ КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ ЕСЕП БЕРЕДІ. ОЛ ОЛ МА, ОЛАРДЫҢ ЖҰБАЙЛАРЫ БҰЛ НАУҚАННАН ҚАЛЫС ҚАЛМАҚ ЕМЕС. АЙТПАҚШЫ, БҰЛ ТІЗІМГЕ ДӘРІГЕРЛЕР, МҰҒАЛІМДЕР, ТӘРБИЕШІЛЕР ДЕ КІРЕДІ. ЯҒНИ, МЕМЛЕКЕТТЕН ЖАЛАҚЫ АЛАТЫН БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ЖҰБАЙЛАРЫ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ, ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН, КӨЛІКТЕРІН ЖӘНЕ БАРЛЫҚ ТАБЫСЫН АШЫҚ КӨРСЕТУІ ҚАЖЕТ. ДЕКЛАРАЦИЯНЫ ҚАҒАЗ ТҮРІНДЕ 15 ШІЛДЕДЕН, АЛ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ 15 ҚЫРКҮЙЕКТЕН КЕШІКТІРМЕЙ ТАПСЫРУ МІНДЕТТЕЛЕДІ. БҰЛ ТУРАЛЫ МЕМЛЕКЕТТК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ НҰРМИРА ОРЫНБАЕВАДАН БІЛДІК.

 

Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан басталып, бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы жылы декларациялаудың екінші кезеңін тапсыру мемлекеттік жəне квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайларына жүктеледі. Өткен жылы жалпыға бірдей декларациялау аясында алғаш рет 17500-ден астам мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар жəне олардың жұбайлары кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсырған еді. Ал, биыл 65 мыңнан астам квазимемлекеттік мекеме қызметкері мен олардың жұбайы декларация тапсырмақ.

 

– Бүгінде екінші кезеңдегі жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыратын мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері жəне олардың жұбайларының саны 65 мыңнан астам қызметкерді құрайды. Ал, декларация уақыты басталғаннан бері 10300-ден астам адам өздері жəне жұбайлары үшін декларация тапсырды, - деді Н.Орынбаева.

 

Департамент өкілінің айтуынша, бүгінде негізгі назар шетелдегі мүліктер мен активтерді көрсетуге аударылады екен. Үйдегі «сандыққа» тығылған не банкіге, банкте немесе депозитте жиналған ақша есепке алынбайды. Еліміздің уəкілетті органдарында ресми түрде тіркелген жылжымайтын мүліктерді көрсетудің қажеті жоқ. Шетелдегі жылжитын жəне жылжымайтын мүліктер, жер учаскелері, əуе жəне теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, шетелдегі шоттарыңызда жалпы сомасы 100 АЕК-тен асатын қолма-қол ақша, Қазақстан Республикасының аумағында жəне одан тыс жерлердегі тұрғын үй қорларындағы, заңды тұлғалардағы үлестер, зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық, инвестициялық пайлар, бағалы алтын жəне басқа да декларациядағы міндеттемелер көрсетіледі. Декларацияны электрондық цифрлы қолтаңба болған жағдайда салық кабинеті жəне egov.kz порталы арқылы, сонымен қатар «e-salyqazamat» мобильді қосымшасында ЭЦК-сіз смс хабарлама арқылы арқылы тапсыруға болады.

 

– 250-ші нысанда дебиторлық жəне кредиторлық қарыздарды көрсету талап етіледі. Мұны көбі банктен алған несиелерімен шатастырады. Ресми құжат арқылы жеке тұлғадан немесе жеке тұлға алған қарыз көрсетілуі тиіс. 250-ші нысанды табыс еткен азаматтар жыл сайын жеке тұлғаның мүлкі мен табыстары туралы 270-ші нысандағы декларация толтырады. Айтып кеткенімдей, мемлекеттік қызметке үміткерлер 250-нысанды толтыруға тиіс. Егер қандай да бір себептермен қызметке алынбаса, жұмыстан босаса немесе зейнеткерлікке кетсе де, 270-нысанды жыл сайын толтыруға міндеттеледі. Мұнда жыл бойында сатып алынған жəне сатылған мүлік, табыс көздері ашып көрсетіледі. Сондықтан барлық мəмілелер, əсіресе көлік құралдарына қатысты болғанда ресми түрде жүргізілуі тиіс, - дейді Нұрмира Данатарқызы.

 

Өзімізге қатысы болмаған соң осы күнге дейін бұл тақырыпқа мəн беріп, егжей-тегжейлі зерделеп көрмедік. Қазір заңға өзгеріс енгізілгелі google-ден декларация туралы ақпарат алып, ақтара бастадық. Байқасақ, декларация туралы əңгіме сонау егеменді ел аталып, тəуелсіздікке қол жеткізген кезеңнің алғашқы жылдарының өзінде талай рет қозғалып, əбден піскен дүние көрінеді. Ендеше, оған үрке қарап, шошынудың қажеті де жоқ екен. Салық саясатын дұрыс жүргізуге, жемқорлықтың жолын жабуға ықпал ететін ұтымды шара екенін ұға алдық. Халықаралық тəжірибеде тұрғындардың нақты табыстарын салықтық бақылау жəне көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл құралы ретінде жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін ашық жариялап тұру əлемнің көптеген елдерінде бұрыннан бері қолданылып келе жатқанын да білдік. Алдымыздан адымдаған қарапайым тұрғындардан «Сіз декларация туралы не білесіз?» деп сұрап та көрдік. Солардың дені сауалымызға толық жауап бере алмады. Сəйкесінше, нақты қалай іске асатынын, өзінің қандай міндеттері барын да білмеді. Мүлікті жария ету міндетінен мүлдем хабарсыздар да табылды. Бір қызығы, декларацияны мемлекет қазынасын толтырумен байланыстыратындар да бар екен. Дұрыс та болар. Расында, басты мақсат та сол – мемлекет қоржынына тұрғындар тарапынан көбірек қаржы түсіру, жемқорлықтың жолын бөгеп, жасырын табыс табуды тоқтату болып табылады.

 

«Айтпаса сөздің атасы өледі» ғой, бір қолымен бизнесін жүргізіп, екінші қолымен билік тізгінін ұстап отырғандар қанша ма? Заңдағы бұл өзгеріс қомақты пайда табатын қосымша кəсіптерін туыстарының, таныстарының атына жаздырып қойып, өздері «тақыр кедей» болып жүргендерге де «тұсау» болғалы тұр. Өйтпегенде ше, қағаз жүзінде ғана «дымы жоқтардың» айналасындағылар да мемлекеттен жалақы алатындардың қатарынан болатыны анық. Олар атындағы қымбат мүліктің ақшасын қалай төлегенін, қайдан алғанын ашық көрсетеді емес пе? Одан соң, Құдайға шүкір, бізде байлар аз емес. Салықтың ең қомақты бөлігі солар арқылы түседі деп айтамыз. Біздің қалталылар елде тапқан қаржыларын шетелдерде жаратып жүр. Бір сөзбен, өз елінде табыс тауып, өзге елдің экономикасын дамытуда. Еуропаның төрінен қымбат сарайлар, яхталар, ұшақтар сатып алып, ескі құрлық байларын есінен тандырып жатқаны да айтылады. Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева айтқандай, негізгі назар шетелдегі мүліктер мен активтерді көрсетуге аударылады. Оның үстіне мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдардың жəне квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері де есеп беретін болған соң, өзгенің байлығын «баптаймын» деп бастарына бəле тілеп аларын біледі. Сол себепті көкесінің «аманатын» арқаламайды деп сенеміз. Қалай болғанда да жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Оставить комментарий
Последние новости
   
ЭКОНОМИКА
22.10.2417:35
Доллар вновь подорожал  
     
Все новости