Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұсынған 50 мың АҚШ долларынан астам транзакциялар туралы деректер бойынша капиталды шетелге шығаруына қарсы тұру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Қазақстан Республикасы азаматтарының ірі трансшекаралық аударымдарына салықтық бақылау жүргізілуде.
Салық кодексінің нормаларында жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, бағалы қағаздар мен қатысу үлестерін сатудан құн өсімін алу кезінде кірістерді көрсетуі, жылжымайтын мүліктің, бағалы қағаздардың және шетелде қатысу үлестерінің болуын декларациялауы қажет деп белгіленген.
Бүгінгі күні мемлекеттік кірістер органдары салықтық бақылауды жүзеге асырды, оның шеңберінде «тауарлар, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, қатысу үлестері үшін төлемдер» тағайындаумен төлемдер және оларды салық декларацияларында көрсету талданды.
Салықтық бақылау барысында жалпы 1 512 млрд. теңге сомасында жеке тұлғалардың аударымдарына талдау жүргізілді, соның ішінде тауарларды сатып алуға жолданған 653 млрд. теңге, жылжымайтын мүлік, жарғылық капиталда қатысу үлестерін сатып алуға жолданған 72 млрд. теңге, басқа да төлемдер 787 млрд. теңге сомасында.
Осы талдау нәтижелері бойынша болжамды бұзушылықтар анықталды, олар бойынша камералдық бақылау бойынша хабарламалар қалыптастырылып, салық төлеушілерге жіберілді.
Салықтық бақылау шараларын қолдануға түскен аударымдардың орташа сомасы 100 млн. теңгеден асты.
Бұл ретте көрсетілген шаралар бұзушылықтарды өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталғанын атап өтеміз, осыған байланысты, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы мемлекеттік кірістер органдарынан хабарлама алған жағдайда, 30 жұмыс күні ішінде декларацияны және (немесе) салықтарды төлеу не растайтын құжаттарды қоса бере отырып, келіспейтіні туралы түсіндірмені ұсыну қажет.