"Жамбыл" өндірістік кооперативі Атырау қаласының Жаңаталап селосында орналасқан. Балық шаруашылығы және оның дамуы облысымыз үшін маңызы жоғары екені белгілі. Қазіргі уақытта "Жамбыл" өндірістік кооперативі "Атырауда жасалған" брендімен кептірілген, қақталған 10-нан аса балық өнімдерін ұсынып отыр.
Кооператив өнімдері Атырау қаласы ғана емес, Ақтау, Ақтөбе қалаларына, тіпті, ТМД кеңістігіндегі кей мемлекеттер арасында үлкен сұранысқа ие.
Балық өндірумен бірге , кооператив шабақ құтқару жұмыстарымен де айналысып келеді.
Мәселен, "Жамбыл" өндірістік кооперативі Махамбет ауданында шілде айында шабақ құтқару жұмыстарын жүргізді. Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылдық округі аумағындағы Бақсай көлінде шабақ құтқару жұмыстары жүргізілді.
Мамандар жайылма судан ау құралдарының көмегімен су астындағы балық шабақтарын сүзіп шығарады. Кейін арнайы ыдыстарға салып, тасымалдау арқылы Жайық өзеніне жіберіп отырады.