Қазір «қара алтын» арқасында мұнайлы астана атанып отырған Атырау өлкесі бұрын балық шаруашылығымен бүкіл елді асырағанын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін... Ендеше, халыққа нәсіп болған байырғы кәсіптің бүгінгі тынысы қалай? Шешімін күткен мәселелер бар ма? Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында қандай жобалар жүзеге асырылуда? Теңіз түбінен маржан терген балықшыларды бүгінде не алаңдатады? Талайды тамсандырған бекіренің бел кеспесі мен «қара уылдырығын» дастарханға қайта оралтуға мүмкіндік бар ма?
Міне, осы және өзге сауалдардың жауабын білу үшін біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлымен сұхбаттасқан едік.
- Артур Сәдібекұлы, алдымен, балық шаруашылығындағы қордаланған мәселелер туралы айтсаңыз...
- Бүгінде бәріңізге белгілі, Жайық пен Қиғаш өзендерінің су деңгейі төмендеп отыр. Қазір қос өзеннің Каспий теңізіне құяр сағасы таяздап қалды. Су тереңдігі небәрі 30-40 сантиметрді құрайды. Бұл өз кезегінде бірақтар қиындықтар тудыруда.
- Бұл қандай қиындықтар?
- Атап айтар болсам, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіндегі Жағалау күзетінің кемелері, Солтүстік Қашаған жедел құтқару экипажының (СКЭБР) құтқару кемелері, облыстағы 19 балық шаруашылығы кәсіпорындарының кемелері теңізге бұрынғыдай емін-еркін кіріп-шыға алмай отыр. Олардың қозғалтқыштары қозғалмай жатып қайраңға тиіп қалады.
- Енді не істеу керек?
- Тез арада Жайық пен Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр тұсынан түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл – кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Егер оны дер кезінде қолға алмаса, көп кешікпей үлкен экологиялық апат орын алуы мүмкін. Себебі, аталған өзендер мен Каспий теңізінің арасы үзіліп қалады. Сол кезде балық шаруашылығын былай қойғанда, қарапайым қара судың өзі қат болары хақ.
- Тағы қандай мәселелер бар?
- Келесі проблема – бағалы бекіре балығын өсіретін зауыттардың техникалық жағдайы мәз емес. Аймақта осындай екі зауыт бар. Бірі – «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты», екіншісі – «Атырау бекіре балық өсіру зауыты». Екеуі де Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне қарайды. Бүгінде олардың техникалық жай-күйі сын көтермейді. Өйткені, екеуі де ескіріп, әбден тозығы жеткен. Ешқандай заманауи құрылғылармен жабдықталмаған. Бұл ретте, зауыттарға реконструкция мен жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет.
Сондай-ақ, браконьерлік фактілері де тыйылмай тұр. Тіпті, соңғы кезде бұл агрессивті сипат ала бастады. Мәселен, жуырда ғана 31 желтоқсан күні Каспий теңізінің «Мартши» аумағында Шекара қызметкерлері заңсыз қойылған иесіз ау құралдарын анықтады. Аталған жерге 15 мотокөлікпен 30 шақты маска киген азамат келіп, шекарашылармен қақтығысты. Шын мәнінде олар да біздің өңірдің қарапайым тұрғындары емес пе?! Демек, туған жердің табиғаты мен экологиясына жандары ашуы керек-ақ. Бірақ, қазір ұлтжанды азаматтар қатары сиреп бара жатыр. Әркім өзінің жеке басымен әуре. Көбісі су маржандарын мемлекеттің мүлкі ретінде көреді. Ал, шын мәнінде оны қорғауға кез келген азамат атсалыса алады. Бірақ, мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өте өкінішті...
Соңғы мәселе – өңірде ихтиолог, балық өңдеуші, кеме жүргізуші және балық өсіруші тапшы. Бұл бағытта Атырау, Орал, Астана, Алматыдағы жоғары оқу орындарына грант бөлуге сұраныс берілді. Сондай-ақ, Құрманғазы аудандық техникалық колледжінде балық өсіруші мамандығын оқыту қарастырылуда.
- Былтыр қанша балық ауланды?
- Өткен жылы Жайық-Каспий бассейні бойынша кәсіптік балық аулауға 19 кәсіпорын жұмылдырылды. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыты. Сөйтіп, 650 адам тұрақты және 3220 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Барлығы 14323 тонна балық ауланды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 729 келіге кем.
- Біздің балық өнімдері мұхит асып жатқаны рас па?
- Рас. Былтыр 7570 тонна балық және балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Германия және Польша елдеріне экспортталды. Ал, 6 мың тоннасы Атыраумен бірге, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Шымкент және Орал қалаларына сатылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1400 тоннаға аз. Себебі, сұранысқа сәйкес, республика қалаларына сату көлемі артып отыр.
- Тауарлы балық өсіру бағытында қандай жұмыстар жасалуда?
- Сұрағыңыз өте орынды. Біз қазір аквакультураны дамтыуға басымдық беріп жатырмыз. Бүгінде барлығы 233 тонна тауарлы балық өсіріліп отыр. Былтыр ғана «Сaspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сумен қамтудың тұйық жүйесінде 29 тонна бекіре тұқымдас балығы мен 700 келі азықтық уылдырық өндірген болатын. Сондай-ақ, «Каспий Бекиресы Лимитед» ЖШС тор қоршамада 11 тонна бекіре мен 257 келі азықтық уылдырық өндірді.
Бұдан бөлек, «Тілекші» ЖШС Дамба ауылында 3 тонна бекіре мен 120 тонна тұқы балықтарын табиғи тоғанда өсіруде. Былтыр желтоқсанда Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясымен балық шаруашылығын жүргізу бойынша келісімшартқа отырды. Қазір тоған шаруашылығын кеңейту жолдарын қарастыруда.
Сол секілді, «Сагиева» шаруа қожалығы Бесікті елдімекенінде 32 гектар жер теліміне «Технологиялық тоған» су арнасын жасақтады. Онда 67 тонна тұқы, ақ амур, дөңмаңдай және 3 тонна бекіре өсіруде. Биыл заманауи тұйық сумен жабдықтау қондырғысымен жабдықталған, жылына 100 тонна бекіре мен 1500 келі қара уылдырық өндіретін ферма және балық жемін өндіретін цех салмақшы. Бұл үшін инфрақұрылым жүйесі тартылған, тасжол да бар. Жұмысшылар да жатақханамен қамтылған.
- Жалпы, балық қоры қалай, молайып келе ме?
- «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» былтыр Жайық өзенінен 299 бекіре балығын аулады. Ал, 19 сәуір күні Жайық өзенінен салмағы 190 келі аналық қорытпа (белуга) ауланып, одан 30 келі уылдырық алынды. 29 наурызда тағы да 150 келі қорытпа түсіп, 20 келі уылдырық алынды.
Сонымен қатар, аталған қос зауыт Жайық өзеніне 7984,0 мыңнан астам бекіре шабағын өсімге жіберді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 229 мың данаға артық. Сол сияқты, 2022 жылы «Caspian Royal Fish» ЖШС мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жайыққа 500 мың бекіре шабағын жіберді.
– Алдағы жоспармен бөліссеңіз...
- 2025 жылға дейін тоғыз жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «СевКаспийФиш», «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Сәт», «Сагиева», «Абдолов», «Жұмагалиева» шаруа қожалықтары мен «Каспий балық» өндірістік кооперативі тоған шаруашылығын қолға алуда. Сондай-ақ, тор қоршамада да балық өсіру жұмыстары басталады. Ал, «Каспий балық» өндірістік кооперативі балық өңдеу цехын салумен айналысуда. Міне, осы жобалардың нәтижесінде тауарлы балық өсіру көлемі 233 тоннадан 15 мың тоннаға дейін артады. Жаңадан 300 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
- Құрманғазы ауданы, Бірлік ауылындағы балық өңдеу цехының құрылысы қашан аяқталады?
- Цех құрылысын «Каспий балық» өндірістік кооперативі Ресейдің Нижний-Новгород қаласындағы «Атлантик-лайн» акционерелік қоғамының көмегімен жүзеге асыруда. Былтыр қыркүйекте жартылай іске қосылып та үлгерді. Тәулігіне 10 тонна балықты -30 градус температурада қатыратын үш және тәулігіне 30 тонна балықты -18 градуста «шок» әдісімен қатыратын бір мұздатқыштың құрылысы аяқталды. Ал, қазір ыстау, сүбе (филе) және мәжбүрлі цех құрылысы жүріп жатыр.
- Тағы қандай жаңа жобалар жүзеге асырылуда?
- «СефКаспийФиш» ЖШС Құрманғазы ауданы, Шортанбай ауылында орналасқан Шортанбай балық өңдеу зауытын толық модернизациялаудан өткізіп, заманауи құрылғыларымен жабдықтамақ. Сондай-ақ, аталған мекеме Көптоғай ауылында тоғанда 1100 тонна тауарлы балық өсіру жобасын қолға алмақшы. Жоба «Атырау» ӘКК» АҚ арқылы қаржыландырылады. Оған биыл жергілікті бюджеттен 11,6 млрд. теңге қарастырылған.
- Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!