RSS лента

Теңге топ етіп төбеден түскен жоқ...

  • 15.11.2023, 11:35,
  • 230
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Қазақстандықтар 15 қараша күні Ұлттық валютамыз – Теңге күнін атап өтеді. Мұндай мереке басқа елдерде жоқ көрінеді. Ал, биыл төл теңгеміздің алғаш қолданысқа енгізілгеніне 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мерейлі дата аясында біз көп жыл қаржы саласында еңбек еткен, Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қозыбақ Құлбарақовпен сұхбаттастық.  

– Еңбек жолыңыз қалай басталып еді?   

 

– Жолдама бойынша Гурьев ет комбинатына аға есепші болып орналастым. 1982 жылы өзім білім алған университетке ғылыми-педагогикалық жұмысқа шақырылдым. 1986 жылы Алматы халықшаруашылық институтының аспирантурасына түстім. Сөйтіп, 1989 жылы экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатубалдинның (қазір ҚР ҰА академигі) басшылығымен кандидаттық диссертация жұмысын ойдағыдай қорғап шықтым.

 

Ал, еліміз егемендік алған тұста – Бухгалетрлік есеп кафедрасында доцент, Есеп факультетінде декан орынбасары болдым. Кейін 1992 жылы Атырау қаласына көшіп, осындағы облыстық әкімідкте халық шаруашылығын оперативті басқару депаратментінде бас маман, 1993 жылы сырты экономикалық «Alem bank kazakhstan» банкінің облыстық басқармасында бас есепші орынбасары, 1994 жылы сол басқарманың басшысы, 1996 жылы облыс әкімінің көмекшісі, республикалық Бюджет банкінің облыстық филиал директоры, 1998 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының Атырау тұрақты даму орталығының директоры және 1999-2000 жылдары облыстық бас экономика басқармасының басшысы болдым.

 

Ақыры, 2001 жылы 7 ақпанда мемлекеттік қызмет конкурсы нәтижесінде Ұлттық банктің Атыраудағы филиал директоры лауазымына тағайындалдым. Содан тек 2017 жылы ғана, онда да ротация тәсілімен батысқазақстандық филиалға ауыстырылдым. Сөйтіп, 2019 жылдан бүгінге дейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалында директор қызметін атқарып келемін. 

 

– Баяғы кезді бүгінгі уақытпен салыстыруға келмейтін болар...

 

– Иә, әрине, арасы жер мен көктей ғой! Бүгінгідей калькулятор деген керемет жоқ кезде біз шотпен жұмыс жасадық. Ақша санайтын машинкаларды қолдандық. Күн сайын банктің кірісі мен шығысын есептеп, есіміз танушы еді. Расымен де, бұрын жұмыстың көп бөлігі қолмен жасалды. Ал, қазір техниканың таңдай қақтырған заманында әр қызметкердің алдында бір-бір компьютер тұр! Керек деректерді ғаламтордан шығара қоюға болады. Ал, біз қажетті құжаттарды арнайы папкаға тігіп сақтайтынбыз.

 

– 1993 жылы ел тарихындағы ең алғашқы ұлттық валюта – төл теңгемізді қолданысқа енгізу жөніндегі қаулы шыққан сәт есіңізде ме?

 

– Кез келген мемлекеттің шежіресі оның өмірінде бір-ақ рет енгізетін ұлттық валютасының тарихынан басталады. Ол – егемен елдің нарықтық қатынастарын және экономикалық тәуелсіздігін дамытудың негізгі шарттарының бірі. Сіз білесіз бе, сонау жаугершілік жылдары бір ел екіншісіне басқыншылық жасап, өз атынан ақша шығару жөнінде талап қойғанда, жеңілген жағы көнбейді екен. Өйткені, төл ақшасынан айырылу – мемлекеттігін мүлдем жоғалту. Міне, сондай түсінік болған. Сондықтан, әр ел өз валютасын бағалайды, оны аяқасты етпейді.

 

Ал, біздің ұлттық валютаға көшуіміз ақша-несие саясатын дербес жүргізуімізге жол ашты. Еліміз ес біліп, етек жиып, егемендігін алған соң, алда қалайда өз валютамызды шығару міндеті тұрды. Ол мемлекетіміздің міндетті нышаны ретінде қаралды. Осылайша, біз қараша айында азаматтардың қолында, айналымда және сақтауда жатқан ескі ақшаларды жинауға кірісіп кеттік. Бұл өте күрделі жұмыс еді. Бірақ, өзгерістер өмірден туындайды ғой, қандай қиындыққа да мойымай, алға қойылған міндетті ойдағыдай орындадық. Жиналған ескі ақшаны ерінбей есептеп, уақытынан кешіктірмей тиісті жерге жеткізіп отырдық. Тұрғындар сол қап-қап қаржыны теңгеге айналдырып, игіліктеріне жаратып жатты.

 

...Сонау 1993 жыл әлі есімде. Мемлекеттік банктің облыстық кеңсесіне Б.Ысқақов жетекшілік ететін. Үлкен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзімде 1961-1992 жылдардың банкнот үлгісіндегі 19,4 млрд. рубль айналымнан шығарылып, 38,8 млн. теңгемен ауыстырылды.

 

Теңгенің қалыптасуының алғашқы жылдарында Ұлттық Банк пен Үкімет үшін бірінші кезектегі міндет инфляцияны біртіндеп түсіру және макроэкономикалық саясатты жүргізуге бағытталды. Соның нәтижесінде инфляция деңгейі 1992 жылғы 2500 пайыздан 1998 жылы 1,9 пайызға дейін төмендеді. Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағында қаншама қиындықты бастан кешірдік десеңізші! Жоғарыда айтқан пайыздық өлшем бүгінгі жастардың түсіне де кірмейді.

 

– Қозыбақ Әбуұлы, осынау тарихи науқанды өңірде ұйымдастырған кімдер?

 

– Сол кездегі облыс басшысы С.Түгелбаев теңгені айналымға енгізу комиссиясын құрды және оны басқарды. Негізгі ауыртпашылық Ұлттық банк облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлеріне түсті. Атап айтсам, олар – С.Мұқанов, Ш.Қанатов, Г.Дошекенова, Р.Мұхамбетова, З.Сұңғатова, К.Сариева, Қ.Төребаев, Р.Жәрдемов, Б.Бисенғалиева және басқалар. Ал, Ұлттық банктің аудандық есеп айырысу орталықтарында Р.Есқайыров, Қ.Шахманов, Қ.Ташекенов, К.Суфалдияров, Р.Уаисова, С.Шегрек, М.Аязғалиева, Б.Суюновтардың басқаруымен көп жұмыс жасалды.

 

Аймақтағы шаруашылық субъектілерімен ақша айырбастау мәселелерімен екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары – А.Бекешев, Ғ.Мұңбаев, Қ.Құрманғалиев, К.Мурзабаева, М.Бухтыбаев, Б.Сабиров, Ж.Талаев, А.Мурзагалиев, Б.Тоқмамбетов, Д.Нұрғалиев, Р.Ким, Н.Зияшев, Қ.Дюсенова және тағы басқасы айналысты.

 

Бүгінде елімізде заманауи банкілік инфрақұрылым қалыптасқан. Отандық банктер өздерінің салымшылары үшін барлық өнімдерді шығарып, сапалы қызмет көрсетеді. Бұл жетістіктердің артында ұзақ жыл екінші деңгейлі банк филиалдарын басқарған – А.Баймұханов, М.Ищанова, Н.Құрман, Т.Жахамбетов, Қ.Зинеденов, М.Мұстажапов, М.Қанатов, А.Өтепқалиева, А.Байнекеева, А.Суханберді, Ж.Сәрсенбеков, М.Саппаев, А.Ерғалиева, Г.Сағиденова, Г.Бисенова және басқалардың да зор еңбегі жатыр.

 

Ал, Ұлттық банк жүйесінде көп жыл қызмет еткен О.Кенжетаев, А.Чулаков, Т.Қадырғазиев, М.Имашев, М.Сағындықова, А.Ибраева, А.Аккулова, А.Сағынбаева, Ш.Мурзагалиева, А.Кабесов – қазіргі жас мамандарға үлкен үлгі-өнеге.

 

– Сіз Ұлттық банктің аймақтағы бөлімшесінде 16 жыл басшы болдыңыз. Бұған өкінбейтін шығарсыз?

 

– Мен бар саналы ғұмырымды әуелде өзім қалаған қаржы саласына арнадым ғой. Бұл мамандықты таңдағаным үшін еш өкінбеймін, қайта, керісінше, мақтан тұтамын. Қалай болғанда да, мен осы саладан бақыт таптым ғой. Ең бастысы, жұмыс бабымен жүріп көптеген жаны жайсаң жақсы жандармен жолықтым. Теңдессіз тәжірибе толықтырып, толағай табысқа кенелдім. Абырой асуынан асып, биік белестерді бағындырдым. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік медальдармен марапатталдым. Міне, осының бәрі де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жасаған жүйелі жұмыстың жемісі ғой.  

 

Тағы бір айрықша атап өтер жайт, 2004 жылы филиал үшін жана ғимарат салдырдық. Егемен ел болғалы Ұлттық банк жүйесінде мұндай игілік тек Атырауда ғана жүзеге асты.

 

– Отбасыңызда банк мамандары бар ма?

 

– Біздің әулетте экономистер династиясы қалыптасқан деуге болады. Әкемнің інісі белді экономист болған. Қазір жұбайым мен балаларым да экономистер. Енді Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын қызым «мен де экономист боламын-ау» деп қояды. Оған «ер азаматтар экономист бола жатар, сен мұнайшы болсаң да жетеді ғой» деймін.

 

– Өз тарапыңыздан ұсыныс-тілектер болса, айта отырыңыз.

 

– Құрметті ағайын, қадірлі әріптестер және сүйікті «Turan Times» сайтының оқырмандары! Ұлттық валютамыз – Теңгеміздің 30 жылдық мерейтойы  құтты болсын! Еткен еңбек еселеніп, төл теңгеміз тұғырынан түспесін деп тілеймін!

 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жас ұрпақтың жолдары ашық болсын! Жастарға айтарым, ақылмен таңдап, жүрекпен қалаған мамандықтарына адалдық танытып, жан-тәндерімен жақсы көрсе екен деймін. Сондай-ақ, әр адам өз қабілетін дамыта түсуі керек, бұл үшін қазір мүмкіндік те мол. Бір орында тоқырап қалуға болмайды. Өйткені, «толдым деген төгіледі, жеттім деген жығылады» деген сөз бар. Телефонға телміріп, уақытты текке өткізуге болмайды. Ендеше, елдің болашағы – жастардың қолында!

 

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости