Облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, 80 адамды, оның ішінде 45 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оқиға орнында штаб құрылып, өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД 90 жеке құрамы, 12 техника жұмылдырылды.
Өрт кезінде жүкті әйел жедл жәрдем көмегіне жүгінгені белгілі болды. Бұл туралы "Прикаспийская коммуна" газетіне берген сұхбатында облыстық жедел жәрдем станциясының өкілдері мәлім етті.
"Біздің бригада оқиға орнында кезекшілік қызмет атқаруда. Жүкті әйел облыстық ауруханаға жеткізілді" деп мәлім етті облыстық жедел жәрдем станциясында.
Осы орайда, "BAIZAAR MALL" ЖШС заңгері Руслан Ізбасаров журналситерге сұхбат берді.
"Қазір сараптама басталып, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілетін болады. Кешегі өрттің салдарынан бір ғана кәсіпкер зардап шекті, бұл өрт шыққан "Детский мир" дүкені. Қалғандары өртті сөндіру кезінде су астында қалды. Әзірге келтірілген зиян мөлшері әлі анық емес. Бағалау жүргізіледі. Сондай-ақ, зардап шеккен кәсіпкердің сақтандыруы бар-жоғы белгісіз, өйткені құрылтайшы Ресейде орналасқан. Біздің тарапымыздан барлық жалға алушыларды бос тұрған кезеңдегі төлемдерден босатамыз", - деді ол.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қолданыстағы мораторийдің арқасында Baizaar орталығына өрт қауіпсіздігіне соңғы тексеру 2019 жылы жүргізілгені белгілі болды. Бұл туралы облыстық ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің "басшысы Әсет Сердалин мәлімдеді.
"2019 жылы бизнесті қолдау шаралары аясында тексеруге мораторийдің күшіне енуіне байланысты біз кәсіпкерлердің тек 5% -ын автоматты түрде тексере алдық. Нәтижесінде бірнеше жалға алушылар жазаланды", - деді ол.