Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев су тасқынына қарсы күрес жөніндегі жедел штаб алаңында өткен брифинг барысында осылай деп мәлімдеді.
Жасұлан Бисембиев Иректі су қоймасынан жіберілген судың мөлшері бірнеше есе артқанын алға тартты.
«Осы ретте дайындық жұмыстарын бірнеше күн бұрын бастап кеттік. Жайық өзені Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы бойымен өтеді. Қазір қала мен аудандардағы жағалар нығайтылып жатыр. Атырау қаласында Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстарына 100-ден астам техника жұмылдырылды. Бұрын-соңды дамба болмаған немесе соңғы 30 жылда мүлдем жөндеу көрмеген 20 учаскені белгілеп отырмыз. Сол дамбылардың биіктігін 6 метрге жеткізуді жоспарладық. Олардың қазргі орташа биіктігі 3 метрге жетеді. Жағаларды нығайту жұмыстары Бесікті ауылынан бастап Дамба ауылдық округінің аумағына дейінгі аралықта алдағы үш күнде толық аяқталады», - деді Ж.Бисембиев.
Ал 10 сәуірден бастап Жайық жағасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылады.
Жайық өзеніндегі су деңгейі 20-25 сәуірде көтеріледі деп болжануда. Ж.Бисембиевтің айтуынша, көктемгі тасқын кезінде өзен ағысының жылдамдығы сағатына 10 шақырымға жетеді. Ал күзгі, қысқы және жазғы уақытта ағыстың жылдамдығы сағатына 4-5 шақырымды құрайды.
Атырау қаласынан Иректі су қоймасына дейінгі қашықтық 1700 шақырымды құрайды.
«Көршілес Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор (РФ) өзендерінде әлі де мұз бар екенін ескерсек, су тасқыны кез келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан қазір Жайық жағалауларын нығайту, бөгеттер орнату жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде", - деді Жасұлан Орақұлы.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Атырау қаласы маңындағы Атырау, Рембаза шағын аудандарында және Еркінқала, Алмалы Атырау, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Еркінқала ауылдық округінде аталмыш жұмыс басталып кетті. Оған 3 арнайы техника мен 4 жүк көлігі жұмылдырылды. Топырақ алатын жердің аумағы белгіленіп, қауіпті аймақтың картасы жасақталған.
- Еркінқала ауылдық округі бойынша су тасқыннан қорғау бөгетінің жалпы ұзындығы 27 шақырым. Ал Ракуша ауылына тиесілі Жайық өзенінің ұзындығы 2,5 шақырымды, оның ішінде қауіпті деп танылған 200 м жерде бөгет биіктетіліп жатыр, – дейді Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Құмарғалиев.
Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу үшін Еркінқала селосында 4 шақырым ұзындықта өзеннің осал тұсындағы бөгеттерді көтеру жұмысы атқарылады. Бұдан бөлек су тасқынына қарсы Қайыршақты, Атырау, Алмалы, Еркінқала, Дамба ауылдық округтерінде бөгеттер биіктетіліп жатыр.
Айта кетейік, Атырау қаласында және Жайық өзені бойындағы ауылдық округтерде су тасқынынан қорғау мақсатында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл жұмыстарға 140 техника жұмылдырылды. Атырау облысы әкімдігінің ресми парақшасында жарияланған мәлімет бойынша жағалауды нығайту жұмыстары қала маңындағы «Атырау», «Рембаза» шағынаудандарында және Еркінқала, Алмалы, Атырау, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінде жүргізілуде. Оған 10 кәсіпорын мен 3 кәсіпкерлік субъектісі тартылды.
– Бұл жұмыстарға 139 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде 98 КамАЗ, 18 тиегіш, 2 автогридер, 2 «Гидромек» тиегіші, 5 бульдозер, 7 экскаватор, 1 виброкаток, 6 каток бар. Топырақ себу үшін 1318 рейс орындалды. Сондай-ақ, жұмыстар Жұмыскер, Геолог, Ақжар елді мекендерінде жүргізіледі, – делінген аталған ресми парақшада.