Атырау облысының Жылыой аудандық сотында атыс қаруын және денсаулыққа зиян келтіретін басқа заттарды қолдану арқылы бұзақылық жасағандары үшін айыпталған Л. және А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігі). 2023 жылғы 20 қарашада Жаңа Қаратон поселкесінде сотталушылар А. және Л. темір арматура және травматикалық тапаншамен қаруланып, тоқтап тұрған «Т» ЖШС-нің қызметтік автобусына кірген және бұзақылық ниетпен жолаушы С.-ны ұрып, оған қарай травматикалық тапаншадан екі рет оқ атқан. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілді. Прокурор сотталушыларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады. ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сотпен жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың өз кінәларын мойындап, шын жүректен өкінуі, бұрын сотталмағандары ескерілді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен сотталушылар ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігімен кінәлі де танылып, оларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.