RSS лента

Қай жерде су басу қаупі бар?

  • 14.03.2024, 14:22,
  • 543
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Наурыздың бірінші онкүндігінде елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында бір мезгілде қатты жауын-шашын жауып, ауа температурасы көтерілді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Тәуекелді бағалау критерийлеріне сәйкес, су басу қаупі бар аймақта 217 елді мекен орналасқан. Жыл басынан бері өзендерде мұз кептелістерінің пайда болуына, топырақ бетінде мұз қабығының болуына, мол жауын-шашынның түсуіне, ауа температурасының күрт көтерілуі аясында қардың қарқынды еруіне байланысты еліміздің 10 өңірінде су басу оқиғалары болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығының м.а. Жомарт Асқаров ОКҚ алаңында хабарлады. Оның айтуынша, Шымкент қаласында 2 тұрғын үйді және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 28 саяжай үйді су басты. Сондай-ақ, Абай, Атырау, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы тұрғын үйлердің аула аумақтарын су басу деректері тіркелді.

 

«Автомобиль жолдарында 10 учаскені су басты, оның ішінде біреуі республикалық маңызы бар жол, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 жол учаскесі, сондай-ақ жергілікті маңызы бар бір автожол учаскесін су шайуы тіркелді. Қазіргі таңда жолдарда жағдай тұрақталды. Зардап шеккендер жоқ, барлық елді мекендерде көлік қатынасы бар», – деді спикер.

 

Су басуға табиғи факторлардан бөлек су бұру арналарының, арықтардың, зардап шеккен елді мекендер ішінде арық-дренаж жүйесінің болмауы немесе өткізу қабілеттілігінің төмендігі ықпал етті. ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен су басу қаупін азайту бойынша жедел шаралар қабылданды. 89 мың текше метрден астам су тартылды, уақытша бөгет ретінде 2140-тан астам қап төселді.

 

«Су тасқыны жағдайына гидротехникалық құрылыстардың жағдайы әсер етуі мүмкін. Су ресурстары және ирригация министрлігінің соңғы жүргізілген зерттеулерінің нәтижелері бойынша қолда бар 1502 тіреуіш гидротехникалық құрылыстардың, 537-сі жөндеуді талап ететіні анықталды. Бұл ретте 322 гидротехникалық құрылыстар ықтимал авариялық режимі кезінде халыққа қауіп төндіреді, оның 105-і жөндеу жүргізуді талап етеді. Ықтимал су басу аймағында 481 елді мекен бар, онда 1,5 миллионнан астам адам тұрады», -деді Ж.Асқаров.

 

Қазір ел бойынша ағымдағы су тасқыны жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, елді мекендерде су айдау және қар шығару, су бұру арналарын, арықтарды тазарту жұмыстары жалғасуда, су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.

 

Жалпы елді мекендерді су басудан қорғау Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары мен Өңірлерді дамыту жоспарлары, облыстық инженерлік жұмыстар жоспарлары, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылады. Олар өзінің тиімділігін көрсетті.

 

«Аталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен тұрғын үйлерді қорғауды қамтитын 800-ден астам іс-шара аяқталды. Жыл басынан бері 64,8 шақырым уақытша бөгеттер және елді мекендердің айналасында 52,7 шақырымнан астам қорғандар салынды. 721 шақырымға жуық каналдар мен 2 296 шақырым арықтар, автомобиль және теміржол астындағы 15 мыңнан астам су өткізу құрылыстары тазартылды. 384 мың тоннадан астам инертті материалдар және бір миллион екі жүз мыңнан астам қапшықтар дайындалды. Су тасқыны мүмкін болған жағдайда халықты қабылдайтын 3 031 пункт және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелері дайындалды, маршруттар нақтыланды, арнайы көліктер анықталды», – деді ТЖМ өкілі.

 

Биыл 22 - қаңтардан бастап Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы барлық жерде өткізілуде. Жыл басынан бері өңірлерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың 245 отырысы өткізілді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости