RSS лента

Темекі үшін – 268 миллион теңге...

  • 08.06.2021, 12:18,
  • 547
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Атырау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері қылмыстық істі қолдан құрастырып, немқұрайлыққа жол берді деп айыпталып жатыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл туралы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, мемлекетке 268 миллион теңге төлеуге міндеттелген атыраулық Вадим Кимнің қорғаушысы Талғат Мұқатанов мәлімдеді.

 

Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың маусым айында шекарадан темекі өнімдерін заңсыз өткізбек болған жүк көлігінің жүргізушісі ұсталған. Ал жүк көлігі жолдың бойындағы кемпингтердің біріне қойылады. Тергеу жұмыстарын аталған департаменттің қызметкерлері жүргізген. Арада 4 ай өткен соң көлік те, ондағы тауар да із-түссіз жоғалған. Сотталушының адвокатының айтуынша, тергеу кезінде бірқатар заңбұзушылықтарға жол беріліпті.

 

«Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жүкті жоғалтып алған. Сосын алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оны кейін ұрлық бабына ауыстырады. Ақырында бұл іске түк қатысы жоқ, керек емес жерде, дәл сол мезетте болған менің қорғауымдағы Кимді күдікті деп табады. Өзімнің тәжірибемде мұндай істі бірінші рет көріп тұрмын. Қазір жазығы жоқ жаннан қыруар қаржы өндірмекші. Ал, темекі өнімдері жойылуы керек еді», — дейді адвокат Талғат Мұқатанов.

 

Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында жүк көлігінің жүргізушісі мен кемпинг әкімшісінің сөзі негізге алынған. Тергеу келтіріп отырған жалғыз дәлел – ұрлық болған күні Вадим Кимнің кемпинг аумағында болуы. Тұрақ қызметкері тергеушілерге көлікті ұрлап кеткен адамның Вадим Кимге ұқсайтындығын айтқан көрінеді.

 

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұған қатысты сұхбат беруден бас тартып отыр. Тек жазбаша түрде жіберген ресми жауаптарында департамент тарапынан ешқандай заң бұзушылықтың болмағандығын айтыпты.

 

«Сонымен қатар, экономикалық тергеп-тексеру департаменті өздерін жәбірленуші тарап ретінде көрсетіп, өздері іс қозғап отыр. Солардың шағымы бойынша өте көп мөлшердегі сома өндірілмек. Ал, жазықсыз адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Біз сотта Вадим Кимнің 4 қазан күні шекарадан өтпегенін, осында болғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсындық», — деп атап өтті Вадимнің қорғаушысы.

 

Қазір Вадим Кимнің адвокаты сот үкіміне қатысты аппелляциялық шағым түсірді. Іс маусым айының ортасында қайта қаралады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости