Кездесу жексенбіде Сан-Паулуда басталды. Бастапқы ысқырықтан бірнеше минут өткен соң, алаңда бейтаныс адамдар пайда болып, ойын тоқтатылды. Аргентиналық футболшылар толық құраммен алаңнан кетті.
Аргентиналықтар полиция мен көші-қон қызметкерлері келгеннен кейін кетуге мәжбүр болған. Себебі, олар Англия премьер-лигасының төрт аргентиналық ойыншысын коронавирус ережелерін бұзды деп елден шығармақ болған. Атап айтқанда, Эмилиано Мартинес, Эмилиано Буэндиа, Ло Челсо және Кристиан Ромеро елге кіріп, 10 күндік карантинді сақтамаған көрінеді.
Бразилияның санитарлық қадағалау агенттігі (Anvisa) спортшылардың соңғы 14 күн ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Солтүстік Ирландия немесе Үндістан арқылы өткен шетелдік саяхатшыларға Бразилияға кіруге тыйым салынады деген талапты орындамағанын растады.
Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (КОНМЕБОЛ) кейінірек Twitter-де ресми мәлімдеме жасады. Онда судьяның шешімімен матч тоқтатылғаны, ал матчтың төрешісі мен комиссары ФИФА тәртіптік комитетіне есеп беретіндігі жазылған. Аталған комитет ары қарай қандай шешім қабылданатынын шешеді.
Оқиғадан кейін Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси Anvisa өкілдерінің әрекеттеріне наразылық білдірген.
Ол матч ұйымдастырушылары төрт аргентиналық спортшы 14 күндік карантинді бұзғандығын дәл ойын кезінде хабарлағандарын түсінбейтінін айтты. Себебі, олар Сан-Паулуға бірнеше күн бұрын келген.