Бұл туралы жергілікті басылымдар мәлімдеп отыр. Сауд Арабиясы 9 тамыздан бастап қасиетті Мекке қаласына қажылыққа баруға өтініш қабылдай бастайды. Ел билігі бұл шешімді коронавирустық пандемияға байланысты шекара жабылғаннан кейін 18 ай өткен соң қабылдап отыр.
Хабарға сәйкес, Таяу Шығыс корольдігі кіруге тыйым салған тізімге енген елдерден келген азаматтар вакцинацияға қарамастан карантинге жатқызылуы керек.
Сондай-ақ, шетелдік қажыларға Сауд Арабиясы мойындаған, сол елде тіркелген вакцина егілуі керек. Қазіргі уақытта елде Moderna, Pfizer/Biotech, AstraZeneca, сондай-ақ Janssen (Johnson & Johnson) шығарған коронавирусқа қарсы вакциналар мақұлданған.
Айта кету керек, жыл сайын шетелдік қажылар ел бюджетіне шамамен 12 миллиард доллар әкеледі. Сovid-19 пандемиясына байланысты шекаралардың жабылуы ел экономикасына айтарлықтай зиян келтірген.
Бұған дейін Мекке мен Мединаға кіруге тыйым салынып келген болатын.