Бұған дейін хабарланғандай, 20 наурыз күні CAS500-1 атты Жерді бақылауға арналған негізгі оңтүстіккореялық ғарыш аппаратымен бірге ресейлік және шетелдік ілеспе Жер серіктері тобын ұшыру белгіленген болатын. Байқоңыр ғарыш айлағында бұл аппарат «Фрегат» үдету блогы бар «Союз-2.1а» зымыран-тасымалдағышының көмегімен ұшырылады. Айта кету керек, «Главкосмос пусковые услуги» компаниясы коммерциялық ұшуды алғаш рет орындамақ.
«РИА Новости» мәлімдегендей, тізім әлі аяқталған жоқ. Жер серіктерінің дайындығына қарай әлі де нақтылауды қажет етеді. CAS500-1 аппаратымен бірге 18 елдің 40-қа жуық шағын Жер серігі ұшады деп болжануда. Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, БАӘ, Израиль, Тайланд, Канада, Бразилия, Германия, Нидерланды, Италия, Аргентина, Венгрия, Тунис, Ұлыбритания, Испания және Словакия сынды мемлекеттердің Жер серіктері ғарышқа аттанады.
Қаңтар айында Каталония билігі наурыз айында Байқоңырдан елдің алғашқы Жердің наносерігін жөнелтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұған дейін «Главкосмос пусковые услуги» компаниясы ELSA-d и GRUS жапон аппараттарының, DMSAT-1 БАӘ мен UNISAT-7 италиялық Жер серіктері ғарыш айлағына жеткізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар, ресейлік «Спутникс» жеке компаниясының бас директоры Владислав Иваненко CAS500-1 аппаратымен бірге бес Жер серігі ғарышқа аттанатынын айтты: Жерді бақылауға арналған «Зоркий», «НИУ ВШЭ – ДЗЗ» және «Сириус-ДЗЗ» мен шетелдік тапсырыс берушілердің мүддесіне сәйкес тағы екі аппарат. Оның бірі – Тунистің интернетке арналған Challenge One Жер серігі.
Сондай-ақ, ресейлік мемлекеттік сатып алулар сайтындағы материалға сәйкес, Сауд Арабиясына тиесілі Najm-1 мен америкалық Anand та ғарышқа ұшады деп көрсетілген.