25 тонна азот қышқылы, натрий гидроксиді және одан да басқа қауіпті химикаттар тиеген су көлігінде пластик дорба дайындауға арналған 28 контейнер толы шикізаттың болғаны да анықталып отыр. Соның кесірінен теңіздегі мақұлықтар қырылып жатыр.
Жергілікті халықты қалдықтарға жақындамауға шақыруда. Өйткені, қай-қайсысы да өте улы болу мүмкін. Сонымен қатар, апат болған жерден 50 миль қашықтықта балық аулауға мүлде тыйым салынды. Қазіргі уақытта тазалау жұмыстарына мың шақты әскери қызметкер тартылған.
Жүк кемесі Үндістаннан шығып, Сингапурға барар жолда жұма күні, яғни 21 мамырда отқа оранған. Оны сөндіруге муссондық жел мүмкіндік бермей жатыр. Ал өткен сейсенбіде бортта жарылыс болып, өрт одан сайын күш алған көрінеді.
Кеме капитаны мен инженері ресейлік болса, оның көмекшісі ретінде үндістандық азамат қызмет еткен. Үшеуі де жауапқа тартылыпты. Бейресми мәліметтерге сенсек, капитан борттан азот қышқылының шығып жатқанын Шри-Ланкаға жеткенге дейін алдын ала білгенге ұқсайды. Сарапшылар өртке негізгі себептің сол болу мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жергілікті билік жүктасығыш кеменің иесі мен оның командасын сотқа беріп, шыққан шығындарды толығымен өндіріп алуды қалап отыр.