Тәртіп сақшылары күдіктілердің “ізін суытпай” ұстады. Алматы облысының полицейлері ойын клубынан миллион теңгеден астам қаражат ұрлаған қаруланған қарақшыларды жедел түрде анықтап, ұстады. Ағымдағы жылдың 15 қарашасында сағат 04.00 шамасында Панфилов ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне Жаркент қаласындағы ойын клубынан қарулы қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қарақшылар бір миллионнан астам теңгені иемденіп кеткен.
Арызданушылар қылмыскерлердің тапаншамен қаруланғанын және қорқыту мақсатында жоғарыға бір рет оқ атқандарын жеткізген. Аталған факт ҚР ҚК-нің 192-бабының 2-бөлігі 1,4-тармақтары бойынша СДТБТ-де тіркелді. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы ақпаратты растады. Тексеру барысында қылмыс орнынан диаметрі 9 мм болатын атыс гильзасы табылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы облысы ПД КПБ қызметкерлері мен Панфилов ПБ КПБ жедел қызметкерлері Жаркент қаласының тұрғындары болып табылатын үш күдіктіні Алматы қаласының әртүрлі жерлерінен (қонақ үйден, жалдамалы пәтерден және көшеден) анықтап, ұстады. Ұстау кезде 20 жастағы күдіктіден ұрланған ақшаның жартысы мен тапанша тәркіленді. Соманың тағы бір бөлігі 22 жастағы екінші күдіктіден және олардың 23 жастағы серіктесінен алынды.
– Барлық ұсталған азаматтар дәлелдермен әшкереленіп, қалған ақшаны ойын-сауыққа жұмсағанын жеткізіп, қылмыс жасағандарын мойындады. Қаскүнемдердің әрекеттері бейнекамераларға түсіп қалған. Барлық үш фигурант ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілгенге дейін УҰО-ға қамаққа алынды. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – деді Алматы облысы ПД ТБ бастығының орынбасары Самал Арғынғазынова.