Биыл 23 сәуірде бұл мереке алғаш рет атап өтіледі. Ұлттық кітап күні қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметі 1,3 млн-нан астам кітап қоры бар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына барып, осы бай рухани мұраны сақтаушылармен әңгімелесті. Дана халқымыз «Кітап – алтын қазына», «Кітап – білім бұлағы» деген. Бұл ұлттың салт-дәстүрі мен бай мәдени мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші асыл құрал. Кітап арқылы қоғамның өркендеуі мен ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұлттық құндылықтар дәріптеледі.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 12 мың кітапхана жұмыс істейді, олардың қорында 300 миллионға жуық дана кітап бар. Қазақстанның қоғамдық кітапханаларында 100 мыңнан астам қолжазба мен сирек басылымдар сақтаулы.
2025-2027 жылдары Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында төрт жаңа кітапхана салу жоспарланған.
Ал еліміздегі ең ірі кітапхана – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы.
Кітапханада 33 оқу залы жұмыс істейді, оның ішінде 15 астамы арнайы оқу залдары. Мысалы, Тұрсынбек Кәкішев атындағы Ғалым залы, Дүкенбай Досжан атындағы Жазушы залы, Өнер залы, Техникалық ғылымдар саласына арналған арнайы залдар бар. Мысалы, Мырзатай Жолдасбековтің залында 12 мыңға жуық кітап бар. Бұл түркология бойынша таптырмас қор.
Кітапханада kazneb.kz Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы бірегей жобасы іске асырылуда. Оның қорында 64 тілде 79 870 құжат бар. Электронды мұрағатта араб, парсы, татар және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар, сондай-ақ араб графикасында жарияланған 10 мыңнан астам сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталады. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген қазақ халқының 1000 әні, батырлар жыры мен аудиокітаптар бар.
Ұлттық академиялық кітапхананың тағы бір мақтанышы – Кітап мұражайы. «Қазақ кітабының тарихы» атты көрмеге ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан аумағында кітап индустриясының қалай дамығаны туралы баяндайтын 200-ден астам кітап қойылған.
Қазақ тіліндегі алғашқы баспа кітабы 1807 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. «Мың бір түн» ертегісінен қазақ тіліне аударылған «Сейпілмәлік-Бәдіғұлжамал» деп аталатын шығарма «Бабалар сөзі» атты шығармалар жинағының 17-ші томында ұсынылған.
Анықтамалық әдебиеттер ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі – 1893 жылғы Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі.
Күн сайын кітапханаға мыңнан астам адам келеді, ал тұрақты келетін оқырмандар саны 58 мыңнан асады. Бұл негізінен 35 жасқа дейінгі жастар.
Оның айтуынша, жақын арада елордалық кітапханалардың барлық оқырмандары үшін Бірыңғай оқырман билетін жасау жоспарланып отыр.
Қағаз, электронды немесе аудио кітап болсын, ең бастысы – оқу. Себебі, кітап жай қолға ұстаған зат емес, бұл санамызда мәңгіге қалатын рухани азық. Әр кітап – жаңа бір әлемнің есігін ашып, ой көкжиегімізді кеңейтетін баға жетпес қазына.