Ол 2022 жылы мемлекеттен 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып, жартылай дайын тағамдарды дайындайтын цех ашқан. Бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Көпбалалы, жалғызбасты аналарды жұмысқа алу арқылы әлеуметтік кәсіпкер статусына ие. Шағын цехта жиырмадан астам тағам түрі дайындалады. Дайын өнімдер Атырау қаласындағы отыз шақты дүкенде сатылады.
Кәсіпкер былтыр мемлекеттен 5 миллион қайтарымсыз грант ұтып, жұмысын дөңгелетуде. Бүгінде ол қаражатқа ұсақтағыш, қамыржайғыш, сөрелер және тағы да басқа құрал-жабдықтар сатып алған. Цех айына 1800-2000 кг жартылай дайын өнімді шығарады.
"Егер адамда кәсіп ашуға деген ниет болса, онда, бәріне де қол жеткізуге болады. Тек ерінбеу керек. Мен де бірден бизнесвумен болып кеткен жоқпын. Ол үшін қиындығы мен қызығы қатар өрілген ұзақ жолмен жүріп өтуіме тура келді. Есесіне, қазір арманымдағы кәсіппен айналысып жатырмын. Бүгінгі қоғамда тез дайындалатын тағамға сұраныс өте жоғары. Өйткені, ададмарға уақыт жетпей жатады. Тез тамақтанып, қайтадан жұмысқа оралғысы келеді. Осындайда тез тағамдар желісіне тапсырыс артады.
Бірақ, қазір көбісі тез тағамның сапасы мен дәміне қатты көңіл бөлуде. Тапсырыспен келетін тағамның дәмі үйде дайындалатын тамақ сияқты тәтті және сапалы болғанын қалайды. Міне, мен де осыны ескеріп, ешқандай қоспасыз экологиялық қауіпсіз тағам дайындауды қолға алдым. Осы бизнесті ашқаныма екі жылдан астам уақыт болды. Шүкір, адал еңбекпен табыс тауып жатырмын. Ал, ең бастысы - тұтынушылардың шынайы ризашылығы мен алғысы мен үшін өте маңызды. Жай кәсіп ашып қана қоймай, алты адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Біздің өнімді халыққа ұсынатын ірілі-ұсақты қырық шақты дүкен бар. Олар бізден апта сайын тамақ алып тұрады.
Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлер арасында грант байқауы жарияланған болатын. Сол кезде "мен де әлеуметтік кәсіпкермін ғой" деген ой келіп, байқауға өтінім жібердім. Ақыры, оны да ұтып алдық. Қуанышымызда шек болмады. Оған қажетті құрылғымызды сатып алдық. Сол үшін жергілікті әкімдікке үлкен алғысымды айтқым келеді.
Ал, жастарға айтар ақылым, арманға жету жолында ешқашан ерінбеу керек. Жастар өздерін одан әрі дамытып, шыңдай беруден шаршамауы керек. Болашақта мен де кәсібімді кеңейткім келеді. Өз кәсібімді Атыраудан бөлек, Астана, Ақтөбе, Ақтау өңірлерінен де ашуды да ойластырып отырмын. Себебі, Атырауда осындай сапалы әрі экологиялық таза өнімдер шығатынын бүкіл қазақстандықтардың білгенін қалаймын" дейді кейіпкеріміз.