– Мен жоба туралы әлеуметтік желіден білдім. Ауыл тұрғындары шаш қию үшін қалаға баратын еді. Оларға арнап шаштараз ашқым келді. Осы оймен грант байқауына қатысып, екінші орын иелендім! Біздің аймаққа бөлінген сегіз грантқа отыз адам үміткер болдық. Соның ішінен озып шығу да оңай емес қой. Бірақ, өзім ғаламторға кіріп, көп іздендім. Ақыры, нәтижесі көп күттірмеді. Бұл грантты алу кез келген адамның қолынан келеді. Тек ерінбей іздену керек. Кезінде мен техник-құрылысшы мамандығын меңгеріп, сол бойынша жұмыс жасап едім. Енді өз бизнесімді дамытып жатырмын, - дейді ол.
Атырауға бөлінген сегіз грантты Әсел Рахатова (әйелдерге арналған салауатты өмір салты орталығы), Ақмарал Алжанова (нан және кондитерлік өнімдерді өндіру), Қуаныш Жақсылықов («Ақбұлақ» сүт өнімдерін өндіру), Төрехан Ерғалиев (электрик қызметі), Бауыржан Жарылғап («Таңдай» IT digital мектебі), Клара Ибраева (мал шаруашылығы, оның ішінде ешкі сүтін өндіру), Әсел Карсакова («Digital Atyrau – Атырау қаласындағы әйелдер үшін сандық мүмкіндіктерді кеңейту) жеңіп алды.
Айта кетейік, аталған жоба үш кезеңнен тұрады. Алдымен құжат қабылданады. Кейін мамандар үш күн дәріс беріп, бизнес-жоспар құру мен есеп-қисапты үйретеді. Соңында үміткер өз жобасын бес минут ішінде қорғап шығуы тиіс. Оған 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз ел азаматтары қатыса алады. Айтпақшы, жоба әлеуметтік болғандықтан, қоғамға пайдасы тиюі керек. Осыны ескерген Айдос та әлеуметтік аз қамтылған отыз адамға екі ай тегін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, бұл жобаға екінші рет қатысуға болмайды. Себебі, басқа үміткерлерге де мүмкіндік беру қажет. Биылғы байқау 25 наурызда басталады. 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін өтініш қабылданады. Ал, 15 мамырда қорытындысы шығады. Барлығы 280 млн теңге сарапқа салынады.